Шымкент денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сәйкес, медициналық көмекке жүгінген адамдар жоқ
Өзбекстанда көтерілген шаңды дауыл Шымкентке дейін жетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
Қаланы қалың шаң басқаны анық көрініп тұр. Шымкент денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сәйкес, медициналық көмекке жүгінген адамдар жоқ.
"Екі күн бойы қатты жел тұрды. Артынан шаң көтерілді. Далаға шықсам, әлі басылмапты. Таңертең жұмысқа келіп, көлікті сыртта қалдырғанбыз. Түсте шықсақ, үсті шаң", – дейді қала тұрғындары.
Ал көрші Өзбекстанда денсаулық сақтау министрлігі аллергиясы немесе демікпесі бар адамдарға далаға шықпауға кеңес берді.
Бір күн бұрын елдің бірнеше аймағында шаңды дауыл көтерілді. Синоптиктердің болжамы бойынша жұма күні де Ташкентте шаң басылмайды.
Министрлік өкілдері ондай ауаның құрамында өсімдіктер тозаңы мен зең спораларының болатынын ескертті. Сондықтан далаға шыққан адамдар медициналық бетперде киіп, оны әрбір екі сағат сайын ауыстырып тұруға тиіс.