|
29.09.2022 | 14:51
1239

АҚШ Украинаға әскери көмек есебінде қаржы бөлді

Референдум нәтижесімен келіспеген ЕО бірқатар жаңа санкция әзірлемек

АҚШ Украинаға әскери көмек есебінде қаржы бөлді inform.kz

АҚШ Украинаға әскери көмек есебінде 1,1 миллиард доллар бөлді. Ақпаратты Пентагон жариялады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Әскери операция басталғалы бері АҚШ билігі Украинаға 16,2 миллиард доллар көлемінде көмек көрсеткен. Ал күні кеше жарияланған кезекті қаржылай қолдау тактикалық транспорт құралдары мен радар, ұшқышсыз ұшу аппаратын алу үшін бөлініп отыр.  Өз кезегінде Украина билігі Батыс елдерін әскери көмекті арттыруға шақырып отыр.

«Ресейдегі псевдореферендум – Украин жерін күштеп басып алудың кезекті әрекеті. Бұл – сол елдің президентімен сөйлесудің еш реті жоғын білдіреді. Бізге  Отанымызды сақтау үшін әскери әлеуетті арттыру қажет», – деді Украина президенті Владимир Зеленский.

Референдум нәтижесімен келіспеген ЕО бірқатар жаңа санкция әзірлемек. Әсіресе Мәскеуге 7 миллиард евро көлемінде кіріс кіргізіп отырған ресейлік өнімдердің тасымалына шектеу қойылады.

«Біз Украинаның аумақтық бөлінісіне қатысты өткізілген референдумды қолдамаймыз және кез келген басқыншылық әрекетті қабылдамаймыз. Мұның бәрі үшін Кремль жауап беруге тиіс», – деді  Еуропалық комиссияның төрағасы Урсула Фон Дер Ляйен.

«Жалған референдум өткізу, бейбіт тұрғындарды әскерге жұмылдыру, ядролық қару туралы сөз қозғау – қақтығысты одан әрі өршітіп жатыр. Біз бұл ұстанымды қолдамаймыз», – деді  NATO бас хатшысы Йенс Столтенберг.

Бұл тұста Ресейдің қорғаныс министрлігі «Елдің әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері бір тәулікте 5 ұшу аппаратын құлатты» деп мәлімдеді. Қазір Запорожье мен Николаев облысы негізгі ұрыс алаңы болып отыр.

«Жоғары дәлдікпен жасалған соққының нәтижесінде запорожьелік зауыт аумағындағы техникалар жойылды. Соққы салдарынан Украина тарапының 10 далалық артиллериясы жарамсыз күйге түсті», – деді  РФ Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Игорь Конашенков.

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Украинадағы әскери операция Донецк облысын толық бақылауға алғанға дейін жалғасатынын мәлімдеді. Айта кетейік, қазір Донецкінің 58 пайызы Ресей әскерилерінің бақылауында.

Мадина Оқас, Мақсат Күнібек, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир