Көліктегі қауіпсіздік ұлттық кеңесі бір моторлы ұшақтың апатқа ұшырау фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр
Американың Миннесота штатында Mooney M20 бір моторлы ұшағы құлап, үйге соғылды. Оқиға 7 тамыз кешке Виктория қаласында болды. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, бірнеше адам көз жұмды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik сайтына сілтеме жасап.
Желіде оқиға орнында түсірілген жантүршігерлік кадрлар тарады. Видеодан ұшақтың құлағаннан кейін лезде жанып кеткені көрінеді.
Азаматтық авиация федералды басқармасының ақпаратынша, ұшақ Алегзандриядағы әуежайдан ұшып шығып, Иден-Прери қаласына бет алған.
Бірнеше адамның қаза болғаны туралы ақпаратты Карвер округі шерифінің кеңсесі растады. Алайда мерт болғандардың саны нақтыланбаған.
Көліктегі қауіпсіздік ұлттық кеңесі тергеу жүргізіп жатыр, оған азаматтық авиация федералды басқармасы көмектеседі.