Израиль ХАМАС-пен атысты тоқтату туралы келісімді мақұлдады
Израиль ХАМАС-пен атысты тоқтату және тұтқындарды алмасу туралы келісімді мақұлдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның аясында ХАМАС кепілге алынған 50 әйел мен баланы, ал Израиль 150 палестиналық азаматты босатады. Сондай-ақ Израиль Мысырмен шекаралас Рафах бекеті арқылы Газаға күніне 300 жүк көлігінің кіруіне рұқсат береді. Келісім соғыс қимылдарына төрт күндік үзіліс жасауды қарастырмақ.
Боливияда орман өрті өршіп тұр. Қызыл жалын 3 млн гектарға жуық аумақты шарпып үлгерген. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің мәліметінше, тілсіз жау енді табиғи қорықтарға төніп тұр. Алпауыт өртпен арпалысқа шетелден келген құтқарушылар да жұмылдырылған.
Айта кетейік, елдегі жауапты ведомство 127 ошақ анықталғанын жеткізді.
Ал Бразилияның 17 аймағында төтенше жағдай жарияланды. Табиғаттың тосын мінез танытуынан елде 30 мыңға жуық адам зардап шегіп, баспанасыз қалды.
Айта кетейік, жыл басынан бері Бразилияда нөсер жауын кесірінен 50 адам қаза тапқан. Толассыз жаңбырдан бөлек, елдің кей аймағында бұрын-соңды болмаған ең жоғары температура тіркеліп, 44 градусқа дейін жеткен.
Ал Түркияда селдің салдарынан 9 адам көз жұмды. Марқұмдар – Зонгулдак, Батман және Диярбакыр аймақтарының тұрғындары. Ал дауыл кесірінен Қара Теңізде тағы бір кеме суға батып кеткен. Бортта 12 жолаушы болған, бір адамның денесі табылды. Қалған 11 азамат әлі де іздестіріліп жатыр. Құтқару жұмыстарына 797 адам, 295 техника, 2 ұшақ пен тікұшақ және патрульдік қайықтар жұмылдырылған. Елдегі 31 аймақта қолайсыз ауа райына байланысты қауіп-қатердің сары және сары-қызғылт түсті деңгейі жарияланды. Қазірдің өзінде 300-ге жуық нысанды су шайып кеткен.
Үндістанда туннельдің астында қалған 40 жұмысшының бейнежазбасы жарияланды. Бақылау камерасын орнатуға 1 апта уақыт кеткен. Енді зардап шеккендердің жақындары құтқару ісін тездетуді талап етіп отыр. Жергілікті билік өкілдері жұмысшылардың бәрі аман екенін айтып, туған-туыстарын жұбатып отыр. Оларға арнайы орнатылған құбыр арқылы азық-түлік, ауыз су мен дәрі-дәрмек үздіксіз жіберіліп жатыр. Апат себебі әлі анықталған жоқ.
Айта кетейік, осыдан 10 күн бұрын елдегі штаттардың бірінде салынып жатқан туннельдің 200 метрдей бөлігін лай батпақ пен тас басып қалған еді.
Гүлмарал Изатқызы, Мақсат Күнібек, «Алматы» телеарнасы