Оқиға жергілікті уақыт бойынша 11:30-да болған
Бүгін таңертең Жапонияның бұрынғы премьер-министрі Синдзо Абэні белгісіз біреу атып кеткен болатын. Арада бірнеше сағат өткенде экс-премьер ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Бұған дейін ақпарат агенттігі либерал-демократиялық партияның бұрынғы басшысы ауыр жарақат алғанын хабарлаған еді.
Жапонияның халықаралық NHK телеарнасының хабарлауынша, үгіт-насихат науқаны аясында елдің батысындағы Нара префектурасына келіп, халық алдында сөз сөйлеп тұрған Синдзо Абэге белгісіз біреу оқ атқан.
Экс-премьер денесіне оқ тиіп, сол мезетте жерге құлап түскен.
Оқиға жергілікті уақыт бойынша 11:30-да болған. Өрт сөндіру қызметінің хабарлауынша, бұрынғы премьер-министр ауруханаға жеткізілген.
Полицияның ақпаратына сәйкес, күдікті оқиға орнында қамауға алынған. Ол - шамамен 40 жастағы ер адам.