Әйел 24 жасында Ресейден АҚШ-қа қоныс аударып, музыкадан сабақ беріп, ақша тапқан.
Лос-Анджелес қаласындағы метрода үй-күйсіз әйел ән шырқап, жолаушыларды опералық даусымен қайран қалдырды. Оның видеосы желіде жылдам тарап кетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі usa.one басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
«4 миллион адам Лос-Анджелесті үйім деп атайды. Төрт миллион оқиға, төрт миллион дауыс... Кейде керемет жағдайға куә болу үшін, жай ғана тоқтап, олардың бірін тыңдап көру керек», - деп жазды видеоны түсірген полиция қызметкері.
Видеода платформада арба және бірнеше сөмкемен тұрған әйел Пуччинидің туындысын орындауда. Артынша ол өзін полиция қызметкері камераға түсіріп тұрғанын көріп, оған жақын келіп, ән шырқауын жалғастырды.
Жергілікті тұрғындар әйелді сол ауданнан көріп жүргендеріне 10 жылдай уақыт болғанын айтады. Тұрғындар оның виолончель ойнап тұрғанын, құстарға тамақ беріп жүргенін көрген. Ал кейбірі оның орыс тілінде сөйлегенін естіпті.
Журналистер анықтағандай, жұмбақ әншінің есімі – Эмили Замурка. Ол 52 жаста екен. Әйел 24 жасында Ресейден АҚШ-қа қоныс аударып, музыкадан сабақ беріп, ақша тапқан.
Әйелдің айтуынша, ол денсаулығына байланысты тапқан табысын күн көруге әрең жеткізіпті. Сондықтан бірнеше жерде жұмыс істеуге мәжбүр болған.
4 million people call LA home. 4 million stories. 4 million voices...sometimes you just have to stop and listen to one, to hear something beautiful. pic.twitter.com/VzlmA0c6jX
— LAPD HQ (@LAPDHQ) September 27, 2019