Германияда ерлік жасаған жолаушы автобуста өмір бойы тегін жүру құқығына ие болды

07.02.2019 20:15

Автобус жүргізушісі рөлде келе жатып, есінен танып қалған

Автобус жүргізушісі рөлде келе жатып, есінен танып қалған. Осы сәтте жолаушылардың бірі қоғамдық көлікті амалын тауып тоқтатып алған, деп хабарлайды Алтайньюс dw.com сайтына сілтеме жасап.

Германияның Дуйсбург қаласында 58 жастағы жүргізушісі рөлде келе жатып, есінен танып қалады. Автобус қарама-қарсы бағытқа шығып, жол шетіндегі қоршауды бұзып кеткен екен. Осы сәтте 24 жастағы жігіт жүргізушінің кабинасына өтіп, жолаушы толы көлікті тоқтатқан. Куәгерлер жол апатына жол бермеген жас жігіттің түк болмағандай қоғамдық көліктен түсіп, кете барғанын айтады. Алайда, полиция ерлік жасаған азаматқа құрмет көрсету үшін оны іздеп тапты.

«Мен айтарлықтай ештеңе істеген жоқпын», – дейді 24 жастағы О.Мохаммедтің өзі.

DVG көлік компаниясы О.Мохаммедке қаладағы қоғамдық көліктерде өмір бойы тегін жүруге мүмкіндік беретін билетті табыстады.