Германияда Ангела Меркельге ескерткіш қойылды

17.10.2021 20:18

Суретші Меркельдің мүсінін 3D принтерінде жасап шыққан

DW

Баварияның солтүстігінде орналасқан шағын қалашықта Меркельдің ат үстіндегі ескерткіші пайда болды. Оны Вильгельм Кох есімді неміс суретшісі жасап шыққан,  деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Express Qazaqstan сайтына сілтеме жасап.

Бұл туындыны шынайы қабылдау да, күлкіге айналдыру да әркімнің өз еркінде, деп жазады немістің DW басылымы. Суретші өз кейіпкерін қалай суреттегісі келсе, солай бейнелеген.

«Бажайлап қараған көзқарас, көпшілікке таныс тік кеуде, қолдарын үнемі бір қалыпта ұстап тұру мәнері  – Вильгельм Кох билік басынан жуырда кететін саясаткерді осылай бейнеледі», – деп жазды неміс басылымы.

Суретші Меркельдің мүсінін 3D принтерінде жасап шыққан. Сосын ол компьютерлік кескінді бетоннан құйып, алтын түстес сырмен бояған.

«Биіктігі 2,7 метр болатын ескерткіш Баварияның солтүстігінде орналасқан Этсдорф қалашығында қойылды. Саясаткерді ат үстінде бейнелеу арқылы оның халыққа жақын болғанын айтқым келді», – дейді автор.