Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстың басталғанына бір ай болды

стоп-кадр
стоп-кадр
НАТО Шығыс Еуропадағы әскерін күшейтуге ниетті екенін білдірді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бұдан былай Ресей билігі қарым-қатынасы бұзылған мемлекеттерге газ жеткізгені үшін рубльмен есеп айырыспақ. Бұл туралы Президент Владимир Путин үкімет отырысында мәлімдеді. Осылайша Ресей билігі Батыс елдері салған қатаң санкцияларға жауап қайтарып жатыр. Ал Украинада әскери іс-қимыл нәтижесінде инфрақұрылым қатты зардап шекті, бірқатар қала қоршауға алынған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.     


Бүгін Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстың жалғасып жатқанына тура 1 ай болды. Киев билігінің мәлімдеуінше, 23 наурызда Украина астанасына шабуыл жасалып, бірнеше жеке үй өртке оранған. Харьков қаласында да 1 мыңға жуық баспананың тас-талқаны шығып, 1143 инфрақұрылым жермен-жексен болған. Бұл туралы шаһар мэрі хабарлады. Қазір онда 15 мыңнан аса адам метро мен жертөлелерде жасырынуда. Ал Владимир Зеленский Ресеймен әскери іс-қимылды доғару туралы келіссөздердің ауыр жүріп жатқанын алға тартып, НАТО мен Еуропалық одақтан тағы көмек сұрады. 

«Біз бостандық үшін күресте әлем елдері Украинаны қолдаған жағдайда ғана жеңіске жетеміз. Сондықтан Ресейге қарсы санкцияларды күшейту керек. Украина аспаны әлі де Ресей зымырандары мен бомбаларынан қорғалмай отыр. Біз әлі күнге дейін оларға қарсы жаңа қаруларды алмадық. Ресей әскері қалаларымызды талқандап, тұрғындарды құрбан етуде», - деді Украина президенті Владимир Зеленский.

Бұл ретте НАТО Шығыс Еуропадағы әскерін күшейтуге ниетті екенін білдірді. Ал Еуроодақ екі ел арасындағы қақтығысты тоқтату мақсатында Ресейге қарсы санкцияларды одан әрі күшейтуді көздеп отыр. Одаққа мүше 27 ел жаңа шектеулер легін осы аптаның аяғына дейін дайындап, Ресейдің энергетикалық секторына соққы жасауды жоспарлауда. 

«Біз халықаралық әріптестерімізбен бірге бұрын-соңды тәжірибеде болмаған ең ауыр санкцияларды қолданып жатырмыз. Олар Ресейдің қаржы жүйесіне қатты соққы беріп, экономикасының негізгі секторларына зиян келтіреді. Алдағы уақытта біз қақтығысты тоқтату үшін шектеулерді одан әрі күшейтуге дайынбыз», - деді Еуропалық кеңестің басшысы Шарль Мишель. 

Ал Ресей билігі батыс елдерінің шектеулеріне қарсы жауап қайтаруда. Бұдан былай қарым-қатынасы бұзылған мемлекеттерге газ жеткізгені үшін тек рубльмен есеп айырыспақ. Бұл шараны жылдам жүзеге асыруды тапсырған президент Владимир Путин тауарларын Еуропа мен АҚШ-қа жеткізуде ақыны өзге валютамен алудың мәні жоқ екенін баса айтты.

«Мен мүмкіндігінше қысқа мерзімде бірқатар елге жеткізілетін табиғи газымызға төлемдерді ресейлік рубльмен аудару бойынша шаралар кешенін жүзеге асыруды тапсырдым. Яғни, мұндай есептеулерде өзге валюталарды пайдаланудан бас тарту туралы шешім қабылдадым», - деді Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин.

Айта кету керек, орын алған соңғы жағдайларға байланысты Польша билігі Ресейдің 45 дипломатын кері қайтаруды жоспарлап отыр. Өйткені оларға тыңшылық жасады деген айып тағылуда. Ал Қазақстан елшілігі Украинада қалып қойған тағы 7 отандасымызды Польшаға шығарды. Олар ертең 25 наурыз күні Катовице қаласына гуманитарлық көмек жеткізген ұшақпен елге жеткізілетін болады.

Аяулым Көлжігіт, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров