Украина ЕО құрамына енетін үміткер ел ретінде танылуы мүмкін

You tube
You tube
Париж басқа елден газ сатып алу мүмкіндігін қарастырып жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Украина мамыр айында ЕО енуі мүмкін. Бұл туралы Украина президенті кеңсесі басшысының орынбасары Игорь Жовква мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Осылай шұғыл қадам жасау керек болды. Өйткені Ресей кеше Донбассты басып алу әрекетіне көшті. Қақтығыстың 55-күнінде Ресей әскері Украинаның шығысында шабуылды күшейтті. Қазір Донбасс үшін шайқас қызу жүріп жатыр. Осылай мәлімдеген Владимир Зеленский қарсыластары Донецк пен Луганск облысының барлық жерін бақылауға алу үшін Беларусь елінен келген күштерін шығысқа шоғырландырып жатыр деді. Оның айтуынша, бұл шайқас ұзаққа созылады әрі орасан шығын әкелуі мүмкін.

«Ресей әскері көптен бері дайындалған Донбасс үшін шайқасты бастады. Елдің қарулы күштері Украинаның осы бөлігіне бет алып жатыр. Басқыншылар соңғы кездері біздің осал тұсымызды іздеп, айласын асырып, бұрынғыдан гөрі біршама ойластырылған шабуыл жасамақшы. Бірақ біз күресеміз. Украинаның бір уыс топырағын да бермейміз, ал бөтен дүние бізге қажет емес», – деді Украина президенті Владимир Зеленский.

Ал Ресейдің Қорғаныс министрлігі Львов маңындағы әскери логистикалық орталыққа шабуыл жасағанын мәлімдеді. Бұл соққы салдарынан Украинаға АҚШ пен Еуропа жеткізген қару-жарақтар жойылды. Жалпы қақтығыс басталғалы Ресей Украинаның инфрақұлымын 30 пайызға талқандап, 100 миллиард доллар көлемінде шығын келтіріпті. Бұл туралы министр Александр Кубраков мәлімдеді.

«Ресейдің әскери тактикалық авиациясы Украина аумағында 84 нысанға соққы берді. Осы әрекет барысында Днепрде зымыран жабдықтарын дайындайтын зауыт жойылды. Сонымен қатар 47 аудандағы жау күштеріне соққы жасалып, 22 зеңбірек бекінісі істен шығарылды», – деді Ресей Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Игорь Конашенков.

Ал Ресей Орталық банкінің төрағасы елдің экономикасы үшін жаз айлары қиын болады деп болжады. Қазірдің өзінде санкциялар Мәскеудің қаржы секторына қатты әсер етіп жатыр. Бірақ бұған қарамастан Еуропалық Одақ шектеуді жалғастырады. Пентагон өкілінің айтуынша, Ресей Мариупольді толық басып алу үшін мыңға жуық бейбіт тұрғын жасырынған «Азовсталь» комбинатын мақсатты түрде бомбалап жатыр.

«Бәрі куә, Мариуполь қаласы берілген жоқ. Ондағы украиналықтар әлі де күресіп жатыр. Бірақ Ресей әскері оларды әуеден атқылап, бомба лақтыруын доғарар емес. Бұл әрекетті ресейліктер соңғы бірнеше күнде үдетіп, шабуылды Донбаста жалғастырып жатыр», – деді Пентагонның ресми өкілі Джон Кирби.

Франция президенті де Ресейге қарсы санкцияларға қосылуды көздейді. Эммануэль Макронның мәлімдеуінше, қазір Париж басқа елден газ сатып алу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Ал Украина Еуроодақ құрамына кіру үшін арнайы сауалнама толтырды. Енді құжатқа сәйкес Еуропалық комиссия тиісті ұсыныс дайындауы тиіс. Кейін маусым айында Украина ЕО құрамына енетін үміткер ел ретінде танылуы мүмкін.

Аяулым Көлжігіт, Рамазан Өмен, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров