Егер әскерилер қызметін асыра пайдаланса, сөзсіз жауапқа тартылады – Шавкат Мирзиеёв

07.07.2022 20:25

Қарақалпақстандағы қақтығыста 18 адам қайтыс болып, жалпы зардап шеккендердің саны 245-ке жеткен еді

gazeta.uz

Шавкат Мирзиеёв Нөкістегі жағдай бойынша күштік құрылымдардың әрекетіне баға беруді тапсырды, де хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қаза болғандардың отбасына көңіл айтқан Өзбекстан президенті «Егер әскерилер тарапынан қызметін асыра пайдаланғандар болса, олар сөзсіз жауапқа тартылады» деді. Осы тұста қоса кетейік, Қарақалпақстандағы қақтығыста 18 адам қайтыс болып, жалпы зардап шеккендердің саны 245-ке жеткен еді. Бұл қатарда құқық қорғау органдарының 38 қызметкері де бар.

Қазір Қарақалпақстанда жағдай тұрақты. Өзбек әскерилері кеше арнайы техникаларымен бірге Нөкістен шығарылып, ел әдеттегі өміріне қайта ауысты. Дегенмен, қаладағы әкімшілік ғимараттарды әлі де ұлттық гвардияның арнайы жасағы күзетіп тұр. Балабақша мен дүкен сынды бірқатар қоғамдық мекемелер қызметін қайта бастағанымен, аталған аумақта интернет жоқ. Кешегі өткен жиында ел президенті азаматтардың бас көтеруіне баға беріп, жауаптыларға тапсырма жүктеді.

«Әлбетте, бұл жағдай бір немесе он күнде ұйымдастырыла салған жоқ. Елдегі тәртіпсіздіктерге сыртқы күштердің әсері болуы мүмкін. Олардың басты мақсаты – Өзбекстанның тұтастығына қауіп төндіру, ұлтаралық қақтығыс жасау. Мен әрбір тергеу тобына тапсырма бердім. Жауаптылардың негізгі міндеті – жағдайға әділ, толық зерттеу жүргізу», – деді Өзбекстан республикасының президенті Шавкат Мирзиёев.

Күні кеше көтеріліс қаупі туған көршілес елге Ауғанстан аумағынан 5 реактив снаряд құлады. Қазір әлеуметтік желілер мен БАҚ беттерінен аталған жайттың түрлі көрінісін байқауға болады.

Әлі мән-жайы анықталмаған әрекетке қатысты Өзбекстанның Сыртқы істер министрлігі қысқа ғана жауапты жария етті:

Ал ІІМ толқу кезіндегі әскерилер қолданған техника түрлерін жария етті. Себебі, ел арасында күштік құрылымдар бейбіт жұртқа қару кезенді деген ақпар бар. Бұл мәселеге қатысты Өзбекстан президенті де үнсіз қалған жоқ. Ол әскерилердің өз күшін асыра пайдаланбауы керегін, ал тәртіпсіздік кезіндегі ондай жағдай расталса, тиісті шара қолданылатынын қатаң ескертті. Қазір шеруге қатысты толыққанды зерттеу, тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Мадина Оқас, Алмат Ильясов, «Алматы» телеарнасы