Канаданың Виннипег қаласында перзентінен айрылып, қайғыдан қан жұтқан ерлі-зайыптылар басқа біреудің баласын жерлеп тастаған. Бәріне кінәлі – дәрігерлер.
Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі The Mirror басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
19 сәуірде Элис Кинак пен Тони Алагалактың жаңа туған нәрестесі ауыр жағдайда қалалық ауруханаға жеткізілген. Өкінішке қарай, дәрігерлер оның өмірін құтқара алмапты. Арада бірнеше күн өткеннен кейін нәрестенің денесі ата-анасына табысталған.
Бірақ көп ұзамай 15 мамыр күні дәрігерлер қайта хабарласып, аурухана қызметкерлерінің шатасып, оларға өзге біреудің сәбиінің денесін беріп жібергенін айтады. Тіпті істің ақ-қарасын ажырату үшін жерленген нәрестенің мәйітін қазып алу керек дейді.
«Болған мұндайға қалай жол берілгенін және кімнің кінәлі екенін білгім келеді», - дейді Алагалак.
Ал аурухана өкілдері оқиғаға қатысты ешқандай түсініктеме берген жоқ.