Украина мен Ресей арасындағы бейбіт келіссөз 1 сәуірде өтеді

31.03.2022 21:19

Бүгін Ресейдің қорғаныс министрлігі Мариупольде «тыныштық режимін» жарияламақ

Фото из открытых источников

Украина мен Ресей арасындағы кезекті бейбіт келіссөз 1 сәуірде онлайн форматта өтпек. Бұл туралы Украина делегациясының мүшесі Давид Арахамия мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұған дейін екі тарап бірқатар мәселе бойынша ымыраға келген еді. Осыған байланысты бүгін Ресейдің қорғаныс министрлігі Мариуполь қаласында «тыныштық режимін» жарияламақ. Ал АҚШ Украинаға 500 миллион доллар көмек көрсетеді.   

Бүгін Ресейдің Қорғаныс министрлігі Мариуполь қаласында «тыныштық режимін» жариялайтынын мәлімдеді. Бұл гуманитарлық дәліз ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Алайда ол үшін Украина билігі алдымен белгілі бір талаптарды орындауға келісім берген ресми хат жолдауы керек. Соңғы келіссөзден кейін Ресей Украинадағы 2 облыста әскери белсенділікті бәсеңдететінін айтқан еді. Алайда Владимир Зеленский келісімге қарамастан, аталған аймақтарда әскери іс-қимыл жалғасып жатыр дейді.  

«Біз Ресейдің Донбаста жаңа соққылар жасау үшін әскерлер жинап жатқанын білеміз. Қазір оларға тойтарыс беруге дайындалып жатырмыз. Біз ешкімге сенбейміз. Ұрыс алаңында қақтығыс жалғасып жатыр. Біз жеріміздің әр метрі үшін, әр азаматымыз үшін соңына дейін күресеміз», - деді Украинаның президенті Владимир Зеленский.

Ал Ресей билігі бұл мәлімдемеге қатысты жауап қатты. Қорғаныс министрлігінің айтуынша, Донецктегі қақтығыс кезінде тұрғын үйге Украин әскері шабуыл жасап, соның нәтижесінде 2 тұрғын қаза болған.  

«Ресей Қарулы Күштерін қайта топтастырудың басты мақсаты – басым бағыттардағы әрекеттерді жандандыру және ең алдымен, Донбасты толығымен босату бойынша операцияны аяқтау», - деді РФ Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Игорь Конашенков.

Бұл ретте Украина қарулы күштерінің бас штабы Ресей әлі де Киевті толығымен қоршап алудан бас тартпай отыр дейді. Ресейде бірқатар жоғары шенді офицерлердің қызметінен босатылғаны немесе қамауға алынғаны туралы да хабарлауда. 

«Біз жаңа ақпармен бөліскіміз келеді. Ресей Президенті Владимир Путинге өз әскерінің шынайы мәлімет бермей отырғанын білеміз. Оның кеңесшілері ресейлік әскердің қақтығыстағы сәтсіздіктері, санкциялардың экономикаға әсері туралы жалған ақпарат беретін көрінеді. Мұның басты себебі бар. Өйткені Путиннің айналасындағылар шындықты айтудан қорқады», - деді Ақ Үйдің байланыс жөніндегі директоры Кейт Бедингфилд.

Ал АҚШ Президенті Украинаға тағы 500 миллион доллар көлемінде қаржылай көмек көрсетпек. Бұл туралы Джо Байден Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлесуінде хабарлады. Айта кету керек, екі ел арасындағы келіссөз жалғасатын болады. Кезекті раунд 1 сәуірде онлайн форматта өтеді деп жоспарланып отыр.

Аяулым Көлжігіт, Мақсат Күнібек, «Алматы» телеарнасы