Испанияның Малага қаласында көлемді арнайы операция жүргізіліп жатыр. Құтқарушылар тереңдігі 100 метр, ені 25 сантиметр ғана болатын шахтаға түсіп кеткен 2 жасар баланы шығара алмай жатқанына 7 тәулік болды.
Бұл туралы жергілікті БАҚ-қа сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.
Екі жасар бала серуендеп жүрген кезінде шахтаға құлап кеткен екен. Бейресми мәліметке сәйкес, аумақтың иесі шұңқырды қазып, оны қоршауды ұмытып кетіпті.
Баланың ата-анасы күні-түні шахтаның жанынан кетпей, күтуде. Алайда баланың тірі не өлі екені белгісіз. Бастапқыда оның жылаған даусы естілген. Алайда артынша тынышталып қалыпты.
Болжам бойынша, бүлдіршін 80 метр тереңдікте жатыр. Құтқарушылар шахтаны кеңейту туралы шешім қабылдай алмай отыр. Сондықтан қарсы орналасқан шұңқырды қазу арқылы балаға жетпек.
Жергілікті ұсталар бүлдіршінге жету үшін лифт тәрізді құрылғы жасаған. Ол 20 қаңтар күні сынақтан өткізілді. Тексеру кезінде қолдан жасалған автокранды 33 метр тереңдікке түсіру мүмкін болды. Құтқарушылар осы капсуланың көмегімен қалған топырақты жоғарыға көтермек. Автокран бір талпыныстан 500 келі топырақты көтере алады.