Ресей БҰҰ жанындағы Адам құқықтары жөніндегі кеңеске дауыс беру құқынан айырылды

Фото: ашық дереккөзден
Фото: ашық дереккөзден
Бұл шешімді 93 мемлекет қолдап, 24 ел қарсы дауыс берді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ресей Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының Адам құқықтары жөніндегі кеңесінен шығарылды. Бұл шешімді 93 мемлекет қолдаса, 24 ел қарсылық көрсеткен. Оның ішінде Қазақстан да бар. Ал 58 мемлекет дауыс беруден қалыс қалды. Мұндай шешіммен келіспеген Ресей билігі кеңеске мүшелікті мерзімінен бұрын тоқтататынын мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Кеше Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы Ресейді Адам құқықтары жөніндегі кеңестен шығару мәселесі бойынша басқосу өткізді. Жиын нәтижесінде Ресей кеңестен шығарылды. Федерация дауыс беру құқығынан айырылғанымен, отырыстарға қатыса алады. Бұл шешімді 93 мемлекет қолдап, 24 ел қарсы дауыс берді. Айта кету керек, Ресейді Кеңестен шығаруды Украина 58 елмен бірлесіп ұсынған еді.

«Буча мен Украинаның бірқатар қаласында, ауылында басқыншылар мыңдаған бейбіт тұрғынды азаптап өлтірді. Адамдарды ұрлап, тонаушылыққа барды. Ресей Федерациясының бұл әрекеті Адам құқықтары туралы алғашқы декларацияға қайшы келеді», – дейді Украинаның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Сергей Кислица.

Ал Ресейдің Ұйым жанындағы тұрақты өкілінің орынбасары бұл қарардың адам құқықтарына түк қатысы жоқ деп, тағылған айыпты мойындаудан бас тартты. Осылай қабылданған шешіммен келіспеген Ресей билігі кеңеске мүшелікті мерзімінен бұрын тоқтатамыз деп отыр.

«Ресей тарапы Бас Ассамблея қабылдаған қарарды саяси мүддені көздеген бұрыс қадам деп қарастырады. Мұны біздің мемлекетті жазалау мақсатында жасап отыр. Біз жалған жаланы қабылдамаймыз», – дейді Ресейдің БҰҰ жанындағы тұрақты өкілінің орынбасары Геннадий Кузьмин.

Жалпы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының мұндай байламға келуіне Украинадағы соңғы жағдайлар түрткі болған. Ал халқына кезекті үндеуін жолдаған Владимир Зеленский Киевтен 70 шақырым аумақта орналасқан Бородянка қаласында жағдай өте ауыр екенін мәлімдеді. Өйткені онда құрбан болған бейбіт халық саны өзге қалаларға қарағанда әлдеқайда көп. Президенттің айтуынша, тек Бучада 300-ден аса тұрғын қаза болыпты. Оның 50-і азапталған.

«Бородянкадағы үйінділерді тазалау жұмысы басталды. Бұл қалада бәрі әлдеқайда қорқынышты. Басқыншылардың қолынан қаза болған құрбан саны тым көп. Ал әлем елдері ресейлік сарбаздардың Мариупольдегі әс-әрекетін білсе, не болмақ? Өйткені онда Буча қаласында болған жағдай қайталанған. Бұл қатыгездік, өте қорқынышты қылмыс», – дейді Украина президенті Владимир Зеленский.

Бүгінде Мәскеуге салынған санкциялар көбейіп барады. Бұған дейін бірқатар шектеу жариялаған АҚШ енді Ресейдің энергия ресурсын пайдаланудан бас тартып, мұнай әкелуге тыйым салды. Ал Ресей президентінің баспасөз хатшысы Украинадағы әскери іс-қимыл жақын арада аяқталады, өйткені бәрі ойдағыдай өтіп жатыр деді.

Аяулым Көлжігіт, Ернар Елдосұлы, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров