Қазір екі ел арасында қақтығыс өршіп барады
Ресей Федерациясы Украинада арнайы әскери операциясын бастады. Бұл туралы Владимир Путин ресейліктерге жасаған арнайы үндеуінде хабарлаған еді. Ал Украина аумағында әскери жағдай жарияланып, халық эвакуацияланып жатыр. Қазір екі ел арасында қақтығыс өршіп барады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгін Ресей әскері Украинадағы арнайы әскери операциясын осылай бастады. Таңертең дабыл дауысымен оянған украиндықтар өртенген нысандар мен оқ снарядтары ұшқан видеоларды әлеуметтік желіде таратуда. Бұған дейін Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин халыққа жасаған үндеуінде нақты шешім қабылдағанын мәлімдеген еді.
«Жағдай қандай да бір шешім қабылдауды және жедел әрекет етуді талап етті. Донбасс Халық республикалары Ресейден көмек сұрап жүгінді. Осыған байланысты, БҰҰ Жарғысының 51-бабына сәйкес, Федерация Кеңесінің санкциясымен Донецк Халық Республикасы және Луганск Халық Республикасымен достық және өзара көмек туралы келісімдерді орындау үшін мен арнайы әскери операция бастау туралы шешім қабылдадым», - деді Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин.
Ал Украинаның Президенті Владимир Зеленский Ресейдің таққан айыбын жоққа шығарып отыр. Алайда соғысты қаламайтынын, егер ондай жағдай болса, жауап болатынын мәлімдеген еді.
«Бізге соғыс керек емес екенін нақты білеміз. Бірақ елімізге әскерлер басып кіріп, бостандығымызға, өмірімізге, балаларымызға қауіп төндірсе, біз қорғанамыз. Шабуыл жасамаймыз, тек қорғанамыз. Соғыс – үлкен қасірет. Адамдар ақшасынан, абыройынан, өмірінен, еркіндігінен айырылады. Ең бастысы, жақындарымызды жоғалтамыз»,- деді Украина президенті Владимир Зеленский.
Біріккен Ұлттар Ұйымы бұл жағдайға қатысты өз ұстанымын білдірді. Ұйымның бас хатшысы Антониу Гутерриш Қауіпсіздік кеңесінің отырысынан кейін Ресей президентін әскерін кері қайтаруға шақырды.
«Біз Украинадағы соңғы жағдайға қатты алаңдап отырмыз. Бұл соғыстың еш мәні жоқ. Ол жарғы Біріккен Ұлттар Ұйымының қағидаларын бұзатыны анық. Украинадағы қақтығыс дереу тоқтатылуы керек», - деді БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш.
Ал Украинадағы Қазақстан елшілігі Киевте тұратын қазақстандықтарды елден көшіруге дайындап жатыр. Бұл туралы еліміздің Сыртқы істер министрлігі мәлімдеді. Қазір ондағы отандастарымыз Киев, Харьков, Львов, Одесса, Днепр қалаларында орналасқан елшілік кеңселеріне көмекке жүгінсе болады. Сондай-ақ министрлік Украинамен әуехабарлама уақытша тоқтағанын да мәлімдеді.
Толық ақпарат алу үшін қазақстандықтар +7 7172 79 82 13, +7 7172 79 82 15 сенім телефонына хабарласа алады. Байланыс орталығы 5 наурызға дейін сағат 9.00-ден 18.30-ға дейін жұмыс істейді.
Аяулым Көлжігіт, «Алматы» телеарнасы