Хатай провинциясында қуаттылығы 5,1 балдық жерасты дүмпуі тіркелді
Түркияның оңтүстік-шығысында тағы да жер сілкінді. Хатай провинциясында қуаттылығы 5,1 балдық жерасты дүмпуі тіркелді. Бұл туралы елдің Төтенше жағдайлар министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жер сілкінісі Адыяман қаласында да сезілген. Салдарынан жолдағы жартас қақ айырылып, маңындағы тұрғын үйлерге қауіп төндіріпті. Алайда, сол жердегі ауыл тұрғындары бірден қауіпсіз жерге көшірілген. Төтенше жағдайлар агенттігінің мәлімдеуінше, елде құтқару жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Өкінішке қарай, 38 мыңнан аса адам табиғи апаттың құрбаны болды.
«Қазақстанның құтқарушылар мен апаттар медицинасы орталығының қызметкерімін, фельдшер. Зілзаладан зардап шеккен азаматтарға алғашқы көмек, сонымен қатар туысқандарына көмек көрсеттік. Бізде жұмыста еш қиындық болмады. Дәрі-дәрмек, медициналық құралдар жеткілікті болды», – деді Қарағанды қалалық апаттар медицина орталығының фельдшері Айдын Жұмабеков.
Айта кетейік, қазақстандық құтқарушылар бауырлас елдегі жұмысын аяқтап қалды. Олар жақын күндері елге оралады. Ал Түркиялық жанкүйерлер көмекке келген өзге елдің төтеншеліктеріне алғыс білдіруде. «Трабзонспор» клубының мүшелері 10 күн бойы қызмет атқарған жасақтарға ризашылықтарын әсерлі сюжетпен жеткізді. Құтқарушы, бала және ит бейнеленген кадр көрген көпшіліктің жүрегін елжіретті.
Алғыс тізімінде Қазақстанның туы да бар.