Укринформ агенттігінің хабарлауынша, әуежайға қаза тапқандардың туыстары жиналған
«Борисполь» халықаралық әуежайында Ирандағы әуе апатынан қаза тапқан «МАУ» әуе компаниясы ұшағының экипаж мүшелері мен украиндық жолаушыларды аза тұтуға арналған шара басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Укринформ агенттігінің хабарлауынша, әуежайға қаза тапқандардың туыстары жиналған. Сонымен қатар гүл алып келген адамдардың қарасы да қалың. Әуежайда медициналық қызметтердің, Мемлекеттік төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері, Ұлттық гвардия жауынгерлері, Ұлттық полиция қызметкерлері жүр. Аза тұту шарасына қатысты ақпарат тарату үшін келген журналистердің легі де мол. Мүрделерді алып келген ұшақ әуежайға жергілікті уақыт бойынша сағат 11-де қонған. Қаза тапқандарды аза тұтуға арналған шара «Борисполь» халықаралық әуежайының В терминалында сағат 12-де өтті. Жалпы, әуежай штаттық режімде жұмыс істеп тұр. Өзге терминалдардан ұшақтардың ұшып келуі мен ұшуы кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр.