Украин әскерінің артиллериялық оқ-дәрі қоры аяқталуға жақын. Сондықтан ел үкіметі Батыс елдерінен келетін қосымша күштерге иек артып отыр. Бұл туралы Николаевск облысының басшысы мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сондай-ақ, аталған облыс пен Херсон аймағында ұрыс қимылдарын жүргізу барысында тұтқынға түскен әскерилер де қайтарылған.
Украина мен Ресей арасындағы әскери қақтығыстың салдарынан қазір әлем елдерінде ядролық қаруға деген сұраныс артқан. Бұл туралы Стокгольм халықаралық бейбітшілік мәселелерін зерттеу институты мәлімдеп отыр. Ал Украинаның өзінде артиллериялық қарудың қоры таусылуға жақын. Соған қарамастан, Северодонецктегі әскерилер «Азот» химиялық зауытын қорғап тұр. Украин тарапының мәліметіне сүйенсек, қазір ол жақта 200 жұмыскер мен 600 қала тұрғыны бар.
«Северодонецк әлі де 100 пайызға азат етілген жоқ. Атыс жалғасып жатқан «Азот» зауытында украин әскерлері бар. Сондықтан, жағдайды тұрақталды деуге негіз жоқ. Северодонецк толық азат етілгенде ғана біз қалаға кіріп, оны қалыпқа келтіре аламыз», – деді Луганск облысының басшысы Леонид Пасечник.
Жалпы, қарулы қақтығыс басталғалы бері Украинада 287 бала мерт болған. Елдің бас прокуратурасы одан бөлек тағы 508 жеткіншектің жарақат алғанын айтып отыр. Олардың басым бөлігі Донецк, Харьков, Киев пен Луганск және Херсон облыстарынан. Ал Зеленский кеңсесі басшысының кеңесшісі Украина тарапы күніне жүздеген адамынан айырылып жатыр дейді. Осылайша, бір ғана Северодонецк облысында адам шығыны 10 мыңнан асқан.
«Жедел тактикалық және әскери авиация арқылы 3 басқару пункті жойылды. Техника мен адам күші шоғырланған 25 ауданға соққы жасалды. Ал, әуедегі қақтығыс нәтижесінде 6 танк пен арнайы мақсаттағы 10-нан аса автокөлік жойылып отыр», – деді РФ Қорғаныс министрлігінің өкілі Игорь Конашенков.
Ал Ресей әскері өткен тәулікте тағы бір ұшағынан айырылды. Жалпы, ұрыс қимылдары басталғалы бері 213 ресейлік әуе кемесі шабуылға ұшыраған. Бас штаб таратқан ақпарға сәйкес, 24 ақпаннан бері бұл тараптың 1432 танкісі мен 718 артиллериялық жүйесі, сондай-ақ 178 тікұшағы мен 54 арнайы техникасы жойылған.
Мадина Оқас, «Алматы» телеарнасы