Бүгінге дейін 441 600 адам қауіпті індеттің құрбаны болды
Әлемде COVID-19-ды жұқтырғандар саны 8 млн 200 мыңнан асты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әлем бойынша ауруы асқынған 441 мың 600 адам кеселдің құрбаны болды.
Джонс Хопкинс университетінің мәліметіне сәйкес, науқастар саны бойынша Америка Құрама Штаты әлі де бірінші орында тұр. Онда 2 миллион 200 мыңға жуық адам індеттің ілмегіне ілініп, 116 мың 962 тұрғын көз жұмған.
Алғашқы ондықта коронавирустың жаңа түрін жұқтырғандар саны 923 мыңнан асқан Бразилия мен 546 мыңға жуық науқас тіркелген Ресей елдері көш бастап тұр.
Сондай-ақ, Үндістан , Ұлыбритания, Испания, Италия, Перу, Франция мен Иран елдерінде де қауіпті вирус дендеп барады.
Ал оның таралуын тежей алған аспанасты елінде індет қайта өрши бастаған. Қазір вирус Қытай астанасы Бейжіңде қарқын алып, аймақта мектептер жабылды. Тұрғындар жаппай тестілеуден өтіп жатыр.