БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы кеңесі осылай деп мәлімдеді
Ресейлік әскер Буча қаласындағы бейбіт тұрғындарға мақсатты түрде шабуыл жасаған. Бұған Maxar спутнигінің ғарыштан түсірген суреттері дәлел. Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы кеңесі осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бірақ Біріккен Ұлттар ұйымы Ресейді Қауіпсіздік Кеңесінен шығаруы мүмкін емес деп отыр.
Бұған дейін Украина билігі Буча қаласындағы қанды қырғынға Ресейді кінәлаған еді. Бүгінде бұл айыпты Maxar Technologies компаниясы растап отыр. Өйткені, спутник әуеғарыштан Ресей әскері қаладан шықпай тұрып, мәйіттердің көшеде жатқан бейнесін түсіріп алған. Бұл туралы БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы кеңесі мәлім етті. Ұйымның ресми өкілінің айтуынша, бейбіт тұрғындарға мақсатты түрде шабуыл жасалған.
«Бейбіт тұрғындарға соққы жасау және өлтіру - бұл әскери қылмыс. Жауаптылар сотқа тартылуы үшін барлық фактілерді анықтау қажет», – деді НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг.
Бұған қарамастан БҰҰ Ресейді Қауіпсіздік Кеңесінен шығару мүмкін емес дейді. Бірақ Кеңестен оқшаулап, құрамда болуына ыңғайсыздық туғызуға болатынын алға тартты. Бұл туралы АҚШ-тың ұйым жанындағы тұрақты өкілі мәлімдеді. Мұндай шешім Украина президентінің жасаған өтінішінен кейін қабылданып отыр.
«Мен сіздерге әбден азапталып, кейін басына оқ тиіп қайтыс болған бейбіт тұрғындардың атынан, соларды еске алып, аза тұтқан халқымның атынан сөйлеймін. Құрбандардың кейбірін көшелерде атқан, енді бірін құдыққа тастаған. Олар сонда қиналып, жан тәсілім еткен. Көпшілігінің үйіне граната түсіп, көз жұмды. Тіпті жолда кетіп бара жатқан көліктерді танкімен мыжып кеткен», – деді Украина президенті Владимир Зеленский.
Ал Мәскеу бұл айыпты әлі де жоққа шығарып отыр. Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров Буча қаласындағы жағдайға байланысты болған кикілжің тек келіссөздерді бұзуға бағытталған әрекет дейді.
«Соңғы күндері Буча қаласында Украинаның әскері мен қауіпсіздік қызметі түсірген бейнежазбалар төңірегінде көп шу болып кетті. Мұны Украина мен Батыс елдері Ресейге қарсы үгіт-насихат ретінде пайдаланып отыр. Жалған арандатудың себебі неде? Біз бұл әрекетті арамыздағы бейбіт келіссөздерді тоқтату амалы деп ойлаймыз», – деді Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров.
Сондай-ақ Ресейдің қорғаныс министрлігі кеше Украинадағы оқ дәрілер мен жанармай қоймалары орналасқан 134 нысанды басып алғанын хабарлады. Осыған байланысты Еурокомиссия Мәскеуге бесінші рет санкция жариялады. Жаңа шектеулерге сәйкес, Кремльден жылына 4 миллиард еуроға көмір алуға және Ресей кемелерін кәрі құрлықтағы теңіз айлақтарына кіргізуге тыйым салынды.
Аяулым Көлжігіт, Ернар Елдосұлы, «Алматы» телеарнасы