БҰҰ 260 мыңға жуық баланы мектепке дайындауға көмек көрсеткен
«Үлкен жетілік» елдері Ресейдің мұнай бағасына шекті құн енгізбек. Бұл шешімді Еуропа мемлекеттерінің Қаржы министрлері Берлинде өткен жиында қабылдады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ресей бұған дейін қара алтыннан түскен пайданы Украинадағы әскери іс-қимылын қаржыландыруға жұмсап келген еді. Алайда Батыс елдері аталмыш шектеу Мәскеудің кірісін азайтатынына сенімді және төмен баға әлемдік энергия бағасының төмендеуіне ықпал етеді дейді. Ал Еуропалықтармен келіспеген Ресей билігі бұл әрекет мұнай нарығындағы тұрақсыздыққа алып келеді деп отыр.
«Егер қара алтынның бағасы белгіленген шектен жоғары болса, ресейлік мұнайды сатып алушылар теңіз кемелері үшін қажетті сақтандыруға қол жеткізе алмайды. Бұл Ресейдің табысын шектейді», – деді Германия федеративтік республикасының қаржы министрі Кристиан Линднер.
Шиеленіскен қақтығысқа қарамастан Украинада оқушылар мектепке бара бастады. ЮНИСЕФ-тің хабарлауынша, қазір бұл елде мыңдаған білім беру нысандары қирап қалған. Соның жартысы ғана сабақ өткізуге жарамды. Алайда әрбір мектепте бомбадан жасырынатын жертөле болуы қажет. Бұдан бөлек, қашықтан оқыту форматы да қарастырылыпты. БҰҰ 260 мыңға жуық баланы мектепке дайындауға көмек көрсеткен. Тағы 4 миллионға жуық оқушыны керек-жарақпен қамтуды көздеп отыр. Сондай-ақ Украинада кадет сыныптары да қайта ашылып, жеткіншектер әскери дайындықтан өтіп жатыр.