Италия елінің денсаулық сақтау министрлігі коронавирус инфекциясының ел бойынша таралуы жалғасып отырғанын мәлім етті: соңғы 24 сағатта елде індетті жұқтырудың жаңадан 19 143 оқиғасы тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ANSA агенттігіне сілтеме жасап.
Салыстырмалы түрде, бейсенбі күні Италияда COVID-19 жұқтырудың 16 079 оқиғасы тіркелді. Италияның денсаулық сақтау министрлігі жариялаған соңғы мәліметтерге сәйкес, соңғы тәулікте коронавирусқа 182 032 анализ тапсырылды. Яғни пандемия басталғалы ең көп тест саны өткізілді.
Соңғы 24 сағатта аталмыш елде қауіпті вирустан 91 адам, ал бейсенбіде 136 адам қайтыс болды. Ел бойынша індеттен көз жұмғандар 37 059 адамды құрады. Аурудан айыққан науқастар саны да 2 352-ге артып, 261 808 адамға жеткен. Елдегі расталған жағдайлардың жалпы саны – 484 869.
Денсаулық сақтау министрлігі сондай-ақ COVID-19 вирусына шалдыққан 1 мыңнан астам адамның жансақтау бөлімінде жатқанын мәлімдеді. Италияның премьер-министрі Джузеппе Конте ел тұрғындарын вирустың таралуына жол бермеу, екінші қатаң карантинді болдырмау мақсатында сақтық ережелерін сақтауға шақырды. Д.Конте Еуропа және Италияда коронавирус жұқтырудың жаңа оқиғаларының санының артуы «алаңдаушылық тудырғанын» мойындап, ерекше қырағылық сақтап, көктемгі карантиннен сабақ алу қажет екенін айтты. Ол Италия вирустың таралуына жол бермеуі тиістігін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, елде кеңселер, кәсіпорындар және мектептердің жабылуына жол бермеу қажет.