Украинадағы жағдай: әлем елдері қандай шаралар қабылдап жатыр

Фото: news.ykt.ru
Фото: news.ykt.ru
26 ақпан күні Украинадағы Қазақстан елшілігі отандастарымызды елге эвакуациялауды жүзеге асырмақ
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Әлем елдері Ресейдің Украинаға қарсы әрекетіне байланысты қатаң санкциялар қабылдап жатыр. Атап айтқанда, Ұлыбритания билігі Ресейге жоғары технологиялық өнімдерді экспорттауға тыйым салуды жоспарласа, Жапония ресейліктердің капиталдарын бұғаттап, барлық азаматтарына виза беруден бас тартпақшы. Ал Владимир Путин әскери арнайы операциясын «мәжбүрлі шара» екенін алға тартуда, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

 

Бүгін Украинаның ақпарат құралдары Киевте жаңа жарылыстар болғанын хабарлады.

Украинаның Ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, шабуылдар қанатты және баллистикалық зымырандармен жасалып жатыр. Ал әлеуметтік желіде бір үйдің отқа оранғаны және жергілікті халықтың бомбадан қорғанып, метрода жасырынған видеолары тарады. Қазір онда қаза болғандар көп дейді Украина президенті Владимир Зеленский.

«Соңғы мәлімет бойынша біз 137 отандасымыздан айырылдық. Олардың 10-ы – офицер. 316 адам жарақат алды. Змеиный аралында жерімізді қорғаған шекарашылар артқа шегінбей, барлығы ерлікпен қаза тапты. Оларға «Украинаның батырлары» атағы беріледі. Отан үшін өмірін қиған ержүрек жауынгерлеріміз мәңгі есте қалады», - деді Украина президенті Владимир Зеленский.

Украинадағы жағдайға байланысты әлем елдері Ресейге қатаң санкциялар жариялауда. Ұлыбритания билігі Ресейге жоғары технологиялық өнімдерді экспорттауға тыйым салуды жоспарласа, Жапония ресейліктердің капиталдарын бұғаттап, барлық азаматтарына виза беруден бас тартпақшы. Ал АҚШ Президенті Джо Байден штаттар ВТБ-мен қоса алғанда, төрт ірі банкке тосқауыл қоятынын айтты. Бұл шектеулер Ресейдің ең ірі мемлекеттік компаниялары мен ғарыш бағдарламасы облигацияларына да әсер етуі мүмкін дейді.

«Бірігіп шамамен 1 триллион долларды бақылайтын ресейлік банктерге санкция салып жатырмыз. Ресейлік банк активтерінің үштен бір бөлігінен астамына иелік ететін ең ірі ресейлік банкті америкалық қаржы жүйесінен ажыратамыз», - деді АҚШ президенті Джо Байден.

Бұл шешімдерге қатысты Ресей Федерациясының президенті өз ойын білдірді. Бизнес өкілдерімен өткізген кездесуінде Владимир Путин Украинада жүргізіп жатқан әскери операциясын «мәжбүрлі шара» екенін алға тартты. Сондықтан ел экономикасын тұрақты сақтап қалуды көздеп отырғанын баса айтты. 

«Болып жатқан жағдай – мәжбүрлі шара. Бізге бұлай істеуден басқа амал қалмады. Қауіпсіздік саласында басқа құралдармен жауап беру мүмкін болмайтындай қатер туындады. Алайда Ресей әлемдік экономиканың бір бөлігі болып қалады. Сондықтан біз өзіміз қатысатын бұл әлемдік жүйеге зиян келтірмейміз», - деді Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин.

Ал 26 ақпан күні Украинадағы Қазақстан елшілігі отандастарымызды елге эвакуациялауды жүзеге асырмақ. «Эйр Астана» әуекомпаниясы түнгі сағат 2.00-де Катовицк қаласынан Атырауға арнайы рейс жасамақ. Ол үшін жолаушылар 25 ақпан күні Львов қаласындағы Замкнен көшесінде орналасқан елшілікте жиналуы керек.

Аяулым Көлжігіт, Мақсат Күнібеков, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров