Қытайдың Лайу қаласында тұратын отбасы қателікпен нәрестені тірідей жерлеп тастаған. Абырой болғанда, жергілікті тұрғындар нәрестені құтқарып қалды. Олар жердің астынан әлдененің біртүрлі даусын естіпті. Бұл туралы Stan.kz The Mirror басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
21 тамызда Нанбаита аулының тұрғындары Цзяо Синлу мен Чжоу Шандун тауда саңырауқұлақ теріп жүріп, нәрестенің қабірін көріпті. Осы кезде олар жердің астынан иттің үргеніне ұқсас дауыс естіген. Сол жерге олардың достары мен туыстары келгенде, олар жердің астында нәресте жатыр деп күдіктеніп, қазуға кіріседі.
Ксинглу қолымен жерді қазып, картон қорапты алып шығады. Оның ішінде ұл бала жатқан екен.
Баланы тауып алғандар жаңа туған нәрестені бірден ауруханаға алып барды. Салмағы небәрі 1,5 келі болған нәресте қаназдық пен сары аурудан зардап шеккен. Десе де оның бойында туа біткен дерті болмапты.
Қазіргі уақытта нәресте 2 айлық. Оның салмағы 4 келіге жетіп, денсаулығы жақсарды.
Жергілікті полиция баланың отбасына іздеу жариялағанда, бөлімшеге ер адам келіп, өзін тірідей жерленген нәрестенің атасымын деп таныстырған.
Айтуынша, ұл бала өкпенің ауыр инфекциясымен туылған. Сондықтан еміп, су іше алмаған нәрестені жасанды тыныстандыру құрылғысына қосқан. Алайда ертесі күні «шетінеп кетіп», отбасы оны жерлеген көрінеді. Қарияның сөзінше, нәрестенің сау туылған егіз сыңары бар екен.
Қазіргі уақытта полицейлер қарияның сөзінің рас-өтірігін тексеріп, тергеу жүргізіп жатыр.
Ал ауруханаға жеткізілген нәрестені қараған дәрігер оны асырап алғысы келетінін айтқан. Алайда баланың атасы табылғаннан кейін, ендігі оның кіммен қалатыны белгісіз.