G7 көшбасшылары Германияда бас қосып, аталмыш мәселені оңтайлы шешу амалдарын қарастырды
Украина мен Ресей арасындағы қақтығыс соңы ядролық соғысқа әкелуі мүмкін. Бұл туралы Ресейдің қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Дмитрий Медведевтің айтуынша, Батыс елдерінің Украинаға қару жеткізуі жағдайды ушықтырып, Мәскеу мен НАТО арасындағы ұрыс ықтималдығын арттырады. Ал Владимир Путин Еуропалық санкцияларды қатаң сынға алды. Ресей Президенті бұл шектеулер жаһандық дағдарыс тудырады деген пікір білдірді.
«Бұл үрдіс әлемдік экономиканың құлдырап, кедей мемлекеттер қатарының көбеюіне алып келеді. Оған Батыс елдері кінәлі болады», – деді РФ президенті Владимир Путин.
Бұл жағдайға қатысты Еуропа алаңдаушылық танытып отыр. «Үлкен жетілік» мемлекеттері екі ел арасындағы қақтығыс расымен де әлемдік экономикаға, соның ішінде азық-түлік пен энергетика саласына әсер етіп жатыр дейді. Әсіресе Украинаның дәнді дақылдарын Батысқа жеткізуде қиындықтар туындаған. Сондықтан G7 көшбасшылары Германияда бас қосып, аталмыш мәселені оңтайлы шешу амалдарын қарастырып жатыр. Бірақ бұған қарамастан олар Киевті қолдауды жалғастыратындарын айтты.
«Қазіргі уақытта Одесса кемежайында 25 миллион тонна астық бұғатталып тұр. Ал дәнді дақылдар әлемдегі миллиондаған халық үшін қажет азық екені белгілі. Әсіресе Африка мен Таяу Шығыс елдері астыққа мұқтаж», – деді Германияның СІМ Анналена Бербок.