Ал Еуропалық Одақ Украинаға қоғамдастыққа мүшелік ету мәртебесін беруді жоспарлап отыр
Ресей қыста Еуропалық Одақ елдеріне газ жеткізуін толығымен доғаруы мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv.
Халықаралық энергетикалық агенттік хабарлауынша Батыс елдеріне төтенше жағдай жоспары қажет. Ал Еуропалық Одақ Украинаға қоғамдастыққа мүшелік ету мәртебесін беруді жоспарлап отыр.
Америкалық соғысты зерттеу институтының сарапшыларының мәлімдемесі бойынша Ресей әскері Северодонецктегі іс-қимыл тактикасын өзгертіп, Украинаның оңтүстік аймағына шабуылды күшейтпек. Қазір олар Лисичанск қаласының шеткі аудандарына соққы жасауға дайындалып жатыр.
Ал кеше Ресейдің Ростов облысындағы Новошахтинсктегі ең ірі мұнай өңдеу зауытында өрт шықты. Жергілікті билік апат алаңынан екі ұшқышсыз ұшақ табылғанын және бұл әрекет "террорлық акт" деп хабарлады. Бірақ Украина тарапы қарулы күштерінің ол аумақтан 170 шақырым жерде орналасқанын алға тартып отыр.
«Ресей Қарулы Күштері Украина аумағындағы әскери нысандарға соққы жасап жатыр. Жедел-тактикалық және әскери авиация 1 тәулік ішінде Сидорово, Жоғарғы Каменка, Мирополь, Курахово аудандарындағы зениттік зымыран кешеніне соққы жасады. Әскери іс-қимыл басталғалы бері барлығы 211 ұшақ, 132 тікұшақ, 1308 ұшқышсыз ұшу аппараты және 3733 танк пен броньды көліктер жойылды», - дейді РФ Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Игорь Конашенков.
Ресейдің Қорғаныс министрлігі Донбасс үшін айқаста украиналық сарбаздар сәтсіздікке ұшырап жатқанын айтады. Қара теңіз жағалауындағы қақтығыс та қыза түскен. Осыған байланысты Запарожье қаласында әйелдер әскери қимыл дағдыларын меңгеріп, автоматпен атуды үйреніп жатыр. Ал Президент Владимир Зеленский келесі аптада НАТО саммитіне қатысатынын мәлімдеді.
«Украинаны қолдайтын мемлекет қатары көбейіп келеді. Сондықтан жұма күні Еуропалық кеңес оңтайлы шешім қабылдайды деп сенеміз. Мен барлық бaс қосуда айтып жүргенімдей, Еуропалық Одақтан шектеулердің 6-шы легін тезірек қабылдауды сұраймын. Ресей қақтығыс кезінде жан-жақты қысымды сезінуі қажет», - дейді Украина президенті Владимир Зеленский.
Мадридте өтетін басқосуда көшбасшы елдердің мүшелері Украинаның кеңес заманындағы қару-жарақтардан бас тартып, заманауи әскери технологияға көшу жолдарын қарастыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы альянстың бас хатшысы мәлімдеді.
«Украина саммиттің жұмыс сессиялары аясында отырысқа қатысады. Украинаның Президенті Владимир Зеленскиймен жүздесу бейнеконференция арқылы өтеді. Ал 24-шілде күні Брюссельде өтетін саммитте Еуропалық Одақтың көшбасшылары Украина мен Молдавияға қоғамдастыққа мүшелік ету мәртебесін бермек. Сондай-ақ күн тәртібінде Украинаға әскери көмекті жалғастыру, азық-түлік жеткізу мәселелері де қарастырылмақ», - дейді Испанияның Сыртқы істер министрі Хосе Мануэль Альбарес.