Бұл туралы Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігі хабарлады
Қырғызстанның Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігі ел аумағында TikTok әлеуметтік желісін бұғаттау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, министрліктің атына бірқатар үкіметтік емес ұйымның TikTok желісінің балалардың психикалық дамуы мен денсаулығына теріс әсер ететіні туралы алаңдаушылығы күшейген.
Өтірікке құрылған ғұмыр | Өмір иірімі
Онда TikTok пайдаланушыны қысқа клиптердің виртуалды әлеміне жетелейтіні, жасөспірімдер белгілі бір бейнелерді қайталауға тырысатыны, тіпті кейбірі өмірге қауіп төндіретіні жазылған. Сонымен бірге балалар психикасы енді қалыптасып жатқаны, оның әлі де тұрақсыз екені және мұндай контент тәуелділік тудырып, жас ұрпақтың эмоционалды жағдайына теріс ықпал ететіні айтылған.
«Осыған байланысты министрлік аталған әлеуметтік желінің контентіне мониторинг жүргізіп, платформа тарапынан балалардың денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпаратқа қол жеткізуді шектеу, жас санатын бақылау функциялары жоқ екенін анықтаған. Осылайша көптеген өтінішті ескеріп, жүргізілген мониторинг негізінде Қырғызстан аумағында TikTok сервисін тарату қызметін тоқтату туралы шешім қабылданды», - делінген хабарламада.
Бұл шешім Қырғыз Республикасының заңнамасы шеңберінде одан әрі іске асыру үшін елдің Цифрлық даму министрлігіне жіберілген.