Құрбандар, АҚШ қолдауы, Путиннің мәлімдемесі – Украинадағы жағдайға шолу

18.03.2022 01:47

Украинада әскери іс-қимылдың жүріп жатқанына 3 апта өтті

Almaty.tv

Украинада әскери іс-қимылдың жүріп жатқанына 3 апта өтті. Бүгінде онда ахуал мәз емес. Тағы бір қала қоршауға алынып, Мариуполь мен Харьковке қайта шабуыл жасалып жатыр. Осыған байланысты АҚШ билігі Украинаға әскери қолдау көрсетіп жатыр. Ал Ресей президенті келіссөз барысында Украинаның бейтарап мәртебесі туралы мәселені талқылауға дайын екенін жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Киевтен 140 шақырым аумақта орналасқан Чернигов қаласы да қоршауға алынды. Ондағы тұрғын үйлерге бомбалар түсіп, тас-талқаны шыққан. Ал атыс салдарынан нан алуға кезекте тұрған 10 адам қаза тапты. Бұл туралы Украинаның ұлттық қоғамдық телерадиокомпаниясы хабарлады. Сондай-ақ Ресей әскері қоршауға алған Мариуполь мен Харковьке тағы шабуыл жасалып, соның салдарынан театрлар мен түрлі ғимарат бүлінді. Бүгінде Украинада 117 аурухана қирап қалған, оның көбі қайта жөндеуге келмейді. Украина президенті Владимир Зеленский америкалық Конгресте сөз сөйлеп, әуе кеңістігін жабу мәселесіне басымдық берді.

«Ресей Украина аспанын мыңдаған адамдарды қаза еткен ұрыс алаңына айналдырды. Олар бүгінге дейін 1 мыңға жуық зымыран жіберіп, бомбалар тастады. Сондай ақ бізге дәлдікпен соққы жасау үшін ұшқышсыз ұшақтар пайдалануда. Мұндай әрекетті Еуропа 80 жыл бойы көрмеген еді. Сондықтан біз әлемнің оған жауап бергенін қалаймыз. Біз өз әуе кеңістігімізді қорғағымыз келеді», - деді Украина президенті Владимир Зеленский. 

Осыған байланысты АҚШ Президенті Украинаға әскери қолдау білдіру туралы шешім қабылдады. Ол үшін Джо Байден Киевке 800 миллион долларлық жаңа көмек пакетіне қол қойды. Бұл бағдарламаның жалпы сомасы бүгінде 2 миллиард доллардан асып отыр. Атап айтқанда, зениттік кешендер, 9 мың танкке қарсы жүйе, 7 мың дана атыс қаруын, 20 миллион оқ-дәрілер және мыңдаған дулыға мен оқ өтпейтін кеудешелер жөнелтіледі.

«Бұл көмектің құрамында 800 зениттік кешен бар. Онымен Украин әскерлері өз әуе кеңістігін қорғап, ресейлік ұшақтарды тоқтата алады. Осылай біз президент Зеленскийдің өтініші бойынша қосымша әуе қорғаныс жүйелері мен оқ-дәрілерді жіберіп жатырмыз», - деді АҚШ президенті Джо Байден.  

Ал Ресей президенті әскери іс-қимылдың негізгі мақсаты – Донбасс халқына көмектесу және барлығы жоспарлы түрде жүзеге асып жатыр дейді. Бірақ Владимир Путин келіссөз барысында Украинаның бейтарап мәртебесі туралы мәселені қарастыруға дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ ол Ресейге қарсы қабылданған шектеулерді “негізсіз" деп тауып отыр.

«Саяси негіз, жекеменшікке қолсұқпау, сөз бостандығы, бәрі далада қалды. Тіпті Олимпиадалық қағидаттар да аяққа тапталды. Еліміз адамдардың өмірін сақтап қалу мақсатында келіссөздерді ұйымдастыру және өткізу үшін бәрін жасады», - деді Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин.

Сонымен қатар Владимир Путин Украина мен елге салынған санкцияларға байланысты аймақтарды әлеуметтік-экономикалық қолдау бойынша өткізген жиынында халқына әлеуметтік көмек көрсететінін жеткізді. Президенттің сөзінше, бағаның өсуі ресейліктердің кірісіне елеулі әсер етуде. Сондықтан жәрдемақылар мен зейнетақыларды ұлғайту, ең төменгі жалақы мен ең төменгі күнкөріс деңгейін көтеру туралы шешім қабылдауды ұйғарып отыр.

Аяулым Көлжігіт, Мақсат Күнібеков, «Алматы» телеарнасы