Әлемдік нарықта мұнайдың бағасы ең жоғары көрсеткішке жетті

06.06.2022 23:04

Биылдың өзінде баға шамамен 50 пайызға өсті

Мұнайдың бағасы әлемдік нарықта соңғы 2 айдағы ең жоғары көрсеткішке жетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Өткен айдың өзінде қара алтынның құны 5 пайызға көтерілген. Оған АҚШ пен ЕО мұнай қоспасын ауыстыруға деген әрекеті себеп болып отыр. Мәселен, қазір Brent маркалы мұнай бағасы бір баррель үшін 120 доллар, ал 1 ай бұрын 108 доллардың шамасында болған еді.

«Бірден айту керек, қазіргі уақытта мұнайдың бағасы рекордтық көрсеткішке дейін қымбаттап жатыр және алдағы уақытта да мұнай бағасы өседі деген болжам көп. Ресейден келетін мұнай өнімдеріне Еуропалық Одақ эмбарго қойып отыр. Толық болмаса да 2/3 бөлігіне тыйым салды. Енді Еуропада үлкен тапшылық бар, осы тапшылықты толтыру мақсатында АҚШ Венесуэлланың мұнайын жеткізу мәселесіне рұқсат беруді  жүзеге асып жатыр, бірақ оның өзі көлемі көп емес және тапшылықты толық жабады деген сенім жоқ. Сондықтан да мұнай бағасы қымбат», – деді экономист Мақсат Халық.


Биылдың өзінде баға шамамен 50 пайызға өсті. Әлемде мұнай өндіруші мемлекеттер үшін өте өзекті мәселе. Ал қара алтын құнының Қазақстанға әсері қалай?


«Ал енді бұл Қазақстан экономикасына қалай әсер етуі мүмкін? Әрине, мұнай бағасының жоғары болуы Қазақстан экономикасына оңтайлы әсерін тигізеді. Қазірдің өзінде біз көріп отырмыз, 1 тоқсан бойынша біздің экономикамызда негізі өсім бар. Әлемде үлкен дағдарыс басталуы мүмкін деген мәселе болып тұрғанымен, бізде белгілі дәрежеде өсім бар. Оның негізгі себебі – мұнай бағасының жоғары. Алдағы уақытта Ресейдің мұнай өнімдеріне тәуелділіктен кету мақсатында «Уралс» дейтін марканы ауыстыру көзделіп отыр. Егермұнай бағасы осындай қарқында сақталатын болса немесе өсетін болса алдағы уақытта Қазақстан экономикасы жыл соңына дейін экономикалық өсіммен де аяқтауымыз мүмкін», – деді экономист Мақсат Халық.