Украинаның Мариуполь қаласында 21 мыңнан аса бейбіт тұрғын қаза тапты – Петр Андрющенко

Украинаның Мариуполь қаласында 21 мыңнан аса бейбіт тұрғын қаза тапты – Петр Андрющенко
Әлемнің 44 елі Украинадан бас сауғалаған 5 миллионға жуық адамды қабылдап отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Украинаның Мариуполь қаласында әскери қақтығыс басталғалы 21 мыңнан аса бейбіт тұрғын қаза тапты. Ғимараттар түгел қирап қалған. Бұл туралы қала мэрінің орынбасары Петр Андрющенко мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.


Оның айтуынша, қазір қарсыластарының бақылауына өткен шаһарда ресейлік әскер тазалау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Үйінділер астынан табылған 100-ге жуық құрбанның денесі мәйітханаларға, кейбіреулері қоқысқа шығарылыпты. Ал Северодонецкте қанды шайқас қыза түскен. Осыған байланысты Владимир Зеленский «Украинаның тәуелсіздігі сақталған» жағдайда Ресеймен ымыраға келуге дайын екенін алға тартты. Алайда Ресей келісімге келуге асығар емес.

«Бұл өте ауыр, аяусыз шайқас. Тіпті қақтығыс басталғалы мұндай қанды қырғын болмаған. Сондықтан Северодонецкті қорғап, шайқасып жатқан сарбаздарға алғысым шексіз. Өйткені дәл сол жерде біздің Донбасстың тағдыры шешіліп жатыр» – деді Украина президенті Владимир Зеленский.

Бүгінде әлемнің 44 елі Украинадан бас сауғалаған 5 миллионға жуық адамды қабылдап отыр. Бұл туралы БҰҰ Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасы мәлімдеді. Ал ұйымның Бас хатшысы Антониу Гутерриш Украинадағы қақтығыс салдарынан әлемнің 1,6 миллиард халқы аш қалуы мүмкін деген болжам жасады. Қазірдің өзінде азық-түліктің бағасы рекордтық деңгейге жеткенін және бұл ең алдымен Азия мен Оңтүстік Америка тұрғындарына әсер ететінін атап өтті.

«Ресей мен Украина арасындағы шайқас қызу жүріп жатыр, қаншама адам қаза болды. Осы жағдай әлем елдеріне де әсер етпей қоймады. Қазір бірқатар мемлекеттерге жаһандық кризистен бөлек, ашаршылық пен кедейлік қаупі төніп тұр. Бұл жағдай экономикалық және әлеуметтік дағдарыс тудыратыны анық», – деді БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш.


Новости партнеров