Қазан мектебіндегі атыс: құрбандармен қоштасу рәсімі өтті

Фото: rg.ru
Фото: rg.ru
Қазір күдікті тұтқында
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазан қаласында мектеп оқушыларына аяусыз оқ жаудырған 19 жастағы күдікті өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Қазір оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалған. Ал Татарстанда бүгін аза тұту күні жарияланып, қаза болған балалар мен мұғалімдердің жақындары марқұмдарды ақтық сапарға шығарып салды. Толығырақ Almaty.tv тілші тарқатсын. 

Еске салсақ, кеше Қазан қаласында 19 жастағы Ильназ Галявиев есімді студент қаладағы №175 мектепке қарумен шабуыл жасап, 7 оқушы мен екі мұғалімді аяусыз атып тастаған еді. Тағы 23 адам зардап шеккен. Оның ішіндегі екі оқушының жағдайы өте ауыр.

БЛИЦ: 

– Түрлі жаман ой келді, бірақ құдай сақтап балам тірі екен. Бірақ арқасынан жарақат алды.

– Менің балам қасындағы сыныптасы екеуі партаның астына тығылып, өліп қалған сыңай танытып жаттық деді. Жарақат алды, қазір ота жасалды.

Қазір күдікті тұтқында. Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, Ресей тергеу комитетінің төрағасы Александр Бастрыкин жағдайды жіті бақылауға алған.

«Қылмыстық кодекстің 105 бабы бойынша іс қозғалды. Тергеу комитеті басшысынң нұсқауымен оқиға орнына криминалистер, тергеушілер мен қажетті іздерді анықтауға арналған жабдықтар жұмылдырылды», – деді Тергеу комитетінің ресми өкілі Светлана Петренко.

Ал өзін «Құдаймын» деп санап, бұрын оқыған мектептің оқушыларын қырып салған азамат туралы көршілері мен мұғалімдері былай деп пікір білдірген.

«Мен қатты таңғалдым. Өйткені ол бала сабырлы, ешкіммен жұмысы жоқ оқушы болатын. 9 сыныптан соң техникумға түскен еді. Шулы, бұзық балалармен араласпайтын», – деді мұғалім Альфия Мустафина.

«Анасы да, балалары да сырттан қарағанда өте тәрбиелі көрінетін. Осындай әрекетке барады деп мүлде ойламаппын», – деді көршісі

Қазан қаласында болған қайғылы оқиғадан кейін Татарстанда бүгін аза тұту күні деп жарияланып, марқұмдардың денесі жер қойнына тапсырылды.

Ал оқиғаға бейжай қарамайтын азаматтар қанды оқиға болған жерге келіп, гүлшоқтары мен балауыз шамдарын жағып қайғыға ортақтасуда. Бұған дейін қару асынған азаматпен бірге 41 жастағы адам болуы мүмкін деген ақпарат тараған еді. Бірақ елдің ресми орындары бұл деректі жоққа шығарды. Сонымен қатар оқиғаға лаңкестік сипат берілген болатын. Бірақ бұл да расталған жоқ. Енді жағдайдың ақ-қарасы тиісті тексерістерден кейін ғана белгілі болмақ.

Назкен Еркін, Рашит Шүкірәлиев «Алматы» телеарнасы.

Новости партнеров