Пермь университетіндегі қанды қырғында жарақат алғандардың саны 26-ға жетті. Ал 8 адам оқиға орнында тіл тартпай кеткен. Еске салсам, Ресейде 18 жасар жігіт өзі оқыған университетіне барып, студенттер мен оқытушыларға оқ жаудырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қаскөйдің алғашқы құрбандарының бірі - университет күзетшісі. Мына кадрлардан оның қорғанып, жерге жатқан күзетшінің басына мылтық кезеп, еш саспай атып салғанын көруге болады. Күдікті көзіне көрінгендерге бей берекет оқ атқан. Қазір жарақат алған 19 адамның жағдайы ауыр. Ал ғимараттағы студенттер мен оқытушылар терезеден секіріп, ол жерден бой тасалауға асығыпты.
Күдіктінің 18 жастағы Тимур Бекмансуров екені анықталды. Ол қанды қырғынның алдында өз әлеуметтік желісінде бұл күнді асыға күткенін және ұзақ жылдар бойы дайындалғанын жазған. Әу баста өзі оқыған мектепке бармақ болыпты. Кейіннен ойынан айнып, Пермь мемлекеттік университетіне аттанған. Қаскөй 27 тамызда қару-жарақ дүкенінен бытыралы мылтыққа арналған 105 патрон сатып алыпты. Ол аңшылық қаруға лицензия алу үшін психиатриялық ауруханадағы тексерістен еш қиындықсыз өткен екен.
«Мен бұл туралы ұзақ ойландым. Жылдар өте іске кірісетін уақыт келгенін түсіндім. 10-сыныптан бастап қаруға ақша жинай бастадым. 2021 жылдың наурыз айында қару сатып алуға қаражатым жеткілікті болды. Сондықтан 18 жасқа толған соң лицензияға қол жеткізуге асықтым», - деп жазған ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Елдің Ішкі істер министрлігі күдіктінің қолға түсіп, үстінен қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Қаскүнем полицияға қарсылық көрсету кезінде жарақат алып, ұсталған. Қазір жансақтау бөлімінде жатыр.
«Куәгерлерден күдіктінің екінші қабатта жүргенін естідім. Дереу ғимараттың ішіне кіріп, баспалдақпен түсіп келе жатқан жас жігітті көзім шалды. «Қаруыңды таста» деп айқайладым. Тыңдамай оқ атты. Сондықтан оны жаралауыма тура келді. Жүгіріп барып, қимылын тежеп, қаруын тартып алдым. Содан кейін алғашқы медициналық жәрдем көрсеттім», - деді жол-патрульдік қызметінің кіші лейтенанты Константин Калинин.
Көрші елдегі қайғылы оқиғаға қатысты Қазақстанның Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов зардап шеккендердің туыстарына көңіл айтты. Ол Facebook-тегі парақшасында еліміздегі білім беру ордаларының қауіпсіздігіне баса назар аударылатынын айтты. Ол үшін оқу орындарындағы жабдықтарды түгендеу, бейнекамералар орнату және кіру режимін күшейту керек екенін жазды.
Сымбат Ноғай, «Алматы» телеарнасы