|
10.02.2023 | 19:39
715

Дүниежүзілік банк Түркияға 1,78 млрд доллар бөледі

Сирияның солтүстік-батысына БҰҰ-ның алғашқы гуманитарлық көмегі жетті

Дүниежүзілік банк Түркияға 1,78 млрд доллар бөледі stan.kz

Дүниежүзілік банк жойқын зілзала салдарынан зардап шеккен Түркияны қалпына келтіруге 1,78 млрд доллар бөледі. Қаражат есеңгіреген елдің еңсесін тіктеуге жұмсалады. Бұл туралы Дүниежүзілік банктің төрағасы Дэвид Малпасс мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ал бүгін Сирияның солтүстік-батысына БҰҰ-ның алғашқы гуманитарлық көмегі жетті. 6 жүк көлігінде палаткалар және жеке гигиеналық заттар тиелген. Айтып келмейтін апаттан қаза болғандар саны қазір 21 мыңнан асып кетті. Ал 74 мыңнан астам адам зардап шегіп отыр.

Түркияда өз жұмысына жауапсыз қараған құрылыс компаниялары жазаланады. Бүгін Әділет министрлігі зілзала орын алған аймақтардағы үй мен нысандарды салған барлық мекемеге қатысты тергеу басталғанын мәлімдеді. Өйткені, дүйсенбі күні орын алған жер сілкінісінен кей аудандарда тіпті үйлер түгі қалмай қирап қалған. Сарапшылар елде табиғат апатынан 6,5 мың нысан жермен жексен болды деген ақпар таратты. Күллі халықтың қабырғасын қайыстырған қайғыны Түркияның президенті Режеп Тайып Ердоған «ғасыр апаты» деп атады.

«Мұндай жағдайда қателіктің кеткенін мойындау керек. Дегенмен, жойқын соққыға әрқашан дайын жүру мүмкін емес», – деді Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған.

Қазір Түркияда жойқын зілзаладан келген шығын есептеліп жатыр. Өкінішке қарай, кей апат аудандарында іздестіру-құтқару жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Оның үстіне құтқарушылар да жетіспей жатқан көрінеді. Мәселен, көмек барлық елдімекенге уақытылы жетпей жатыр дейді Антакья қаласының тұрғындары. Сондықтан, халықаралық түрлі ұйымдардан балаларын құтқаруға көмектесуді сұрады. Түркияның оңтүстігінде орналасқан бұл жерде 10 мыңнан аса тұрғын баспанасынан айырылған.

«Біз төртеу едік. Екеуін ғана құтқара алдық. Қалған екеуі әлі үйінде астында жатыр. Біз олардың дауысын естіп отырмыз. Бізге құтқарушылар керек. Бүкіл әлемнен «балаларымызды аман алып қалуға көмектесіңіздерші» деп сұраймыз», – деді Антакья қаласының тұрғыны Абдулкадер Баракат.  

Жарқ еткен үміт ұшқыны алауласа мәңгі сөнбес жарық берері анық. Сондықтан, құтқарушылар халыққа жақсылыққа сеніп, үмітті еш үзуге болмайтынын ескертті. Өйткені, үйінді астынан тіпті 102 сағат жатып, аман қалғандар бар.

«Төтенше көмек көрсетуді саясиландырмау керек. Біз оның орнына қолдан келгенше жылдам көмек көрсетуге тырысып жатырмыз. Бұл – 100 жылдағы ең жойқын жер сілкінісі. Халық баспанасынан айырылып, қиын жағдайға түсті», – деді БҰҰ-ның Сирия бойынша арнайы өкілі Гейр Отто Педерсен

Жер сілкінісінен зардап шеккен Сирияға БҰҰ-дан алғашқы гуманитарлық көмек жетті. Осыдан бір күн бұрын Түркия СІМ Сирияға Анкара арқылы гуманитарлық жүк жеткізу үшін шекарада қосымша бекет ашылатынын айтқан. Өйткені, зілзаладан кейін Сирия аумағындағы жолдардың біраз бөлігі қирап қалған. Ал жуық арада Италия мен Румыния елдері оларға жатын орын, көрпе, азық-түлік және қысқы киім-кешекпен көмектесуі мүмкін.

Еске сала кетейік, жер сілкінген Түркияның 10 елдімекенінде 90 күндік төтенше жағдай режимі енгізілді. Сондай-ақ,елде табиғи апаттан құрбан болғандарға арнап, жеті күндік жалпыұлттық аза тұту жарияланған.

Жадыра Омаржан, Рамазан Өмен, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир