Украина мемлекеті Еуроодаққа енуі мүмкін

02.03.2022 в 00:56

Бұған дейін екі ел 5 сағаттан аса уақыт келіссөз жүргізіп, нақты бір шешімге келмеген еді

Украина мемлекеті Еуропалық Одаққа енуі мүмкін. Қазіргі уақытта Еуропалық комиссия Владимир Зеленскийдің одаққа мүшелік ету туралы өтіншін ресми тіркеп, қарастыруда. Бұл туралы Еуроодақтағы Украинаның өкілі Всеволод Ченцов мәлімдеді. Қазіргі уақытта Ресей Федерациясы Украинадағы әскери операциясын жалғастыруда. Бұған дейін екі ел 5 сағаттан аса уақыт келіссөз жүргізіп, нақты бір шешімге келмеген еді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  


Әлеуметтік желідегі видеолар Украинадағы жағдайдың қиын екеніне дәлел. Өйткені Владимир Зеленский Ресей күштерінің Харковьке шабуыл жасап, қаланың күл-талқанын шығарғанын мәлімдеп отыр. Қазіргі уақытта бұл қаланың біраз бөлігі жарықсыз және жылусыз қалған. Ал тұрғындары әлі де жертөледе тығылуға мәжбүр. Бұған дейін екі ел делегациясы келісімге келуге тырысқан еді. Алайда нақты шешім қабылданған жоқ. Бірақ Ресей мен Украина тарапы кеңес алу үшін өз астаналарына аттанып, алдағы уақытта келіссөзді жалғастыруға уағдаласты.

«Украина тарапымен келіссөз шамамен бес сағатқа созылды. Осы уақыт ішінде біз негізгі мәселенің барлық тармағын егжей-тегжейлі қарастырдық. Ортақ ұстанымдарды болжауға болатын кейбір тетіктерді таптық және ең бастысы, келіссөзді жалғастырамыз деп келістік. Ендігі жиын жақын күндері Польша-Беларусь шекарасында өтеді. Осы уақытқа дейін әр делегация өз мемлекеттерінің басшылығымен кеңес өткізеді», - деді Ресей Федерациясы президентінің көмекшісі Владимир Мединский.

Бүгін – Украинада әскери іс-қимылдың жүріп жатқанына алтыншы күн. Бұл ретте Біріккен Ұлттар Ұйымы бейбіт тұрғындар арасында қаза болғандар бар екенін мәлімдеп отыр. Тек 27 ақпан күні онда 102 украиндық азамат қайтыс болып, 300-ден астамы жараланыпты. Ал Владимир Зеленский соңғы брифингінде Ресей әскері 5 тәулік ішінде 56 зымыран соққысын жасағанын хабарлады.

«Бүгін Ресей күштері Харьков қаласына аяусыз шабуыл жасап, реактивті артиллериямен атты. 24 ақпаннан бері 113 қанатты зымыран жіберді. Бұл – рейсейліктердің бізге көрсеткен «бауырлас достығы». Бүкіл әлем мұны көріп отыр», - деді Украина президенті Владимир Зеленский.

Ал Еуропалық комиссия Украинаны Еуроодаққа енгізу мәселесін қарастыруда. Бұған дейін Владимир Зеленский Еуропалық Одаққа мүше елдер қатарына тез арада қосылу мәселесін көтерген еді. Бүгінде бұл бастаманы 8 мемлекет қолдап, өтініш ресми түрде тіркеліп отыр.  

«Украинамен біздің құндылықтарымыз ортақ. Олар біздің ұстанымымызға берік және бейбіт демократияда өмір сүргілері келеді. Сондықтан Украина бізбен ынтымақтастықта болуға лайық және бұл алдағы уақытта жүзеге асады. Украина Еуропалық Одаққа кіруі керек. Бұл елді еуропалықтар қатарында көргіміз келеді», - деді Еуропалық комиссияның төрайымы Урсула Фон Дер Ляйен.

Ал халықаралық қылмыстық сот Ресейге қарсы тергеуді бастауға дайын. Бұл туралы прокурор Карим Хан мәлімдеді. Бұдан бөлек, бірқатар мемлекет Ресейге қарсы шектеулер жариялауын жалғастыруда. Мәселен Канада Ресей мұнайынан бас тартса, Оңтүстік Корея бұған дейін қабылданған санкцияларға қосылатынын алға тартуда. Алайда Солтүстік Корея АҚШ пен Батыс «үстем саясат» жүргізіп отыр деген пікірде. Бұл ретте Ресей Федерациясы да Американың ауыл шаруашылығы мен алкоголь, темекі өнімдерін елге әкелуге тыйым салуды жоспарлап отыр.

Аяулым Көлжігіт, Мақсат Күнібеков, «Алматы» телеарнасы