Билік шаһарда баспанасыз қалған азаматтар үшін 16 мыңға жуық модульді контейнер салуды қолға алған
Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған жойқын жер сілкінісінен қатты зардап шеккен Адыяман тұрғындарынан құтқарушылардың кеш жеткені үшін кешірім сұрады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Зілзаладан кейін елдің оңтүстік-шығысына іс-сапармен барған мемлекет басшысы жер асты дүмпулерінің қайталануынан және ауа райының қолайсыздығына байланысты алғашқы күндері жылдам әрекет ету қиынға соққанын айтты. Енді билік шаһарда баспанасыз қалған азаматтар үшін 16 мыңға жуық модульді контейнер салуды қолға алыпты. Сондай-ақ жеке үйлерді мемлекет есебінен жалға алуға да мүмкіндік жасап, ауданның бірнеше аймағына әлеуметтік базар орнатқан.
«Біз зілзаладан зардап шеккендердің бәріне 10 мың лира, басқа жерге көшуі үшін 15 мың лирадан қаржы бөлдік. Сондай-ақ жел сілкінісі құрбаны болған азаматтардың туыстарына көмек ретінде мемлекеттен 100 мың лирадан берілді. Қазір 1 миллионға жуық тұрғын қажетті төлемді алды. Адыяман қаласына көмектің кешіккені үшін кешірім сұраймын», – деді Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған.
Айта кетейік, соңғы күндері Түркияда тағы бірнеше рет жер сілкінісі тіркелді. Өткен тәулікте Малатья провинциясында 5,6 балдық жойқын зілзала болып, 29 тұрғын үй қирап қалды. Апат салдарынан зардап шеккендер де аз емес. Анадолы агенттігінің дерегіне сүйенсек, 110 адам жарақат алып, 1 тұрғын қаза болған. Қазір құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Соңғы мәлімет бойынша, апат аймағына жұмылдырылған 657 маман қиранды арасынан 32 адамды аман алып шықты.