Мұндай мәлімдемені Ресей Федерациясының Премьер-министрі Дмитрий Медведев жасады. Ол бұл ақпаратты ел президенті Владимир Путиннің Федералды жиналыстағы жолдауынан кейін айтқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Путиннің Конституцияға өзгерістер енгізу туралы жасаған ұсынысы аясында Дмитрий Медведев іс басындағы Үкіметтің толық құрамда отставкаға кетуін жөн деп санады. Талқылаудан кейін аталмыш өзгерістер қабылданған жағдайда, олар Конституцияның бірқатар баптарына ғана емес, сондай-ақ тұтастай биліктің, атқарушылық, заңнамалық және сот билігінің балансына айтарлықтай өзгерістер енгізбек. Владимир Путин үкімет мүшелеріне бірлесе атқарған жұмысы үшін алғыс білдірді.
«Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин халыққа жолдауын ұсынды. Онда ол еліміздің алдағы уақыттағы даму бағытын айқындап берді және Конститутцияға бірқатар өзгерістер енгізу туралы ұсыныс жасады. Егер ол қабылданатын болса, биліктегі баланс сақталады. Осы тұста біз Ресей Үкіметі ел Президентіне шешім шығаруға мүмкіндік беруіміз қажет. Конституцияның 117-бабына сәйкес қазіргі Ресей Федерациясының Үкіметі отставкаға кетті. Баршаңызға алғыс айтамын», – деді РФ Үкіметінің төрағасы (2012-2020) Дмитрий МЕДВЕДЕВ.