Әлемді әбігерге салған су тасқыны

elements.envato.com
elements.envato.com
Адамзат мекен еткен 5 құрлықтың бесеуін де су басты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Тосыннан тасыған су қазір дүниежүзін алаңдатып отырған күрделі мәселеге айналды. Ғалымдардың сөзінше, климаттың өзгеруінен әлем бойынша түрлі техногенді апаттар адамзатты әбігерге салып, мыңдаған жанның өліміне алып келіп жатыр. Тасқын салдарынан әсіресе Бразилия мен Ауғанстан елдері зардап шегіп, адам шығыны сағат сайын артқан, деп хабарлайды Almaty.tv.

Адамзат мекен еткен 5 құрлықтың бесеуін де су басты. Кей елдерде қарғын су мен жауын-шашын әлі толастар емес. Тіпті шөлді Араб Әмірліктері мен Оман елі көлге айналып, 32 адам қаза болды. Тасқын судың зардабы Ауғанстан еліне қатты тиіп жатыр. Өткен жұмада топан су Бағлан провинциясының шамамен сегіз ауданын қиратып, 300-ден астам адамның өмірін қиды, қаза тапқандар саны өсуде.

«Жергілікті уақыт бойынша сағат 13:30-да болды. Біз жұма намазын оқып, үйлерімізге қарай бет алдық. Кенет су басып кірді. Үйлерімізге түгел кіріп те үлгермедік. Есеңгіреп, не істерімізді білмей қалдық. Тасқын балалар мен көліктерді көз алдымда алып кетті», – деді су тасқынынан зардап шеккен азамат Гул Агха.

«Отбасымның 5 адамын жоғалттым. Екі ұлым, екі қызым мен әйелім жойқын апаттың құрбанына айналды. Біз тасқыннан қорғанып, қарама-қарсы жағаға шығып кетіп, олар қалып қойған. Өкініш өзегімді өртегенімен, жақындарыма көмектесу мүмкін болмады», – деді су тасқынынан зардап шеккен азамат Гульбудеен.

Жағдай Латын Америкасындағы Бразилияда да мәз емес. Ел толассыз нөсер жауындардан туындаған тасқынмен бірнеше апта бойы арпалысып, салдарынан 146-дан аса адам көз жұмды. Қалың су әсіресе Рио-Гранде-ду-Сул штатының тұрғындарына ауыр тиіп, 374 адам зардап шекті. Елде алдағы аптада тағы да жауын-шашын жаууы мүмкін.

«Алдымен көршіміздің үйіне соққан едік, ол су кіре қоймайтындай жер болған. Бірақ топан су ол жерді де қоймай, басқан. Мен балаларымды алдыма алып, стадионның жанындағы аймаққа жүгірдім. Түні бойы ұйықтамадым. Өйткені біз түнеп отырған көпір тербеліп жатыр. Көпір қозғалғанда қорқып, жанымызды шүберекке түйіп отырмыз. Басқа барар жеріміз де жоқ», – деді су тасқынынан зардап шеккен азамат Адриана Фрейтас.

Қалың су Индонезияны да иектеп алды.Батыс Суматра провинциясында су тасқыны мен лай көшкіні кем дегенде 43 адамның өмірін қиып, 15 адам із-түзсіз жоғалды. Жергіліктілер бұл ахуалды «суық лава» деп атап кетті.

«31-ден аса тұрғынымыз көз жұмды. 15 адам жоғалды деген ақпарат тараттық. 46-ға жуығы жарақат алды. 11 мамырда толассыз жауын-шашын басталып, бірнеше қалада жағдай ушықты. Біз тасқынды «суық лава» деп атаймыз. Бақылау пункттерінен ұдайы ақпарат алып отырмыз», – деді Батыс Суматра полициясының бастығы Сухарионо.

Ғалымдар дүниежүзін дүрліктірген топан су әлі шекті деңгейге жетпеді деп жатыр.

Ал зерттеушілер табиғаттың мұндай күрт өзгерісі климаттың ауысуы мен жаһандық жылынудың әсерінен болып жатыр деп болжайды.

Әйкерім Пернебек, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Жамбылдықтар қоқыстан темекі теріп жүр

Новости партнеров