Кезекті келіссөз, құрбандар саны және БҰҰ мәлімдемесі: Украинадағы жағдайға шолу

15.03.2022 01:58

Әскери іс-қимыл салдарынан барлығы 90 бала қаза болып, 100-ден астамы жарақат алған

Бүгін Украина мен Ресей онлайн түрде бейбіт келіссөздің төртінші раундын өткізіп жатыр. Бұл туралы Украина делегациясының басшысы Михаил Подоляк өзінің Тwitter-парақшасында мәлімдеді. Өз сөзінде ол кездесудің қиын өтіп, екі тараптың әлі де екі түрлі саясат ұстанып отқанын алға тартты. Ал атысты уақытша доғаруды талап еткен Украина билігі тек Мариуполь қаласында қаза болған бейбіт тұрғындар саны 2 мыңнан асқанын хабарлап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.   

 

Бейбіт келісімге келу, атысты жедел доғару, әскерлерді шығару. Бүгін Украина мен Ресей мемлекеттері келіссөздің төртінші кезеңін онлайн форматта өткізіп, аталған мәселелерді қарастыруда. Бұған дейін Түркияның сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу Владимир Путиннің Владимир Зеленскиймен кездесуге дайын екенін айтқан еді. Бұл туралы Ресей Президентінің Режеп Тайып Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесуі кезінде мәлім болған. Ал Украина делегациясының басшысы соңғы жиында бірқатар қиындық туындағанын алға тартты.

«Біздің ұстанымымыз өзгерген жоқ. Бүгін де бейбітшілік пен қауіпсіздік кепілдіктері туралы сөз қозғап жатырмыз. Келіссөз қиын өтіп жатыр. Өйткені Ресей Федерациясы өзінің әрекеттерін қисынсыз екенін түсінсе де, 19 тәулік бойы Украинаның бейбіт қалаларына шабуыл жасау стратегиясын дұрыс деп санап отыр», - деді Украина делегациясының басшысы Михаил Подоляк.

Бүгінде Украинаның Бас прокуратурасының мәлімдеуінше, әскери іс-қимыл салдарынан барлығы 90 бала қаза болып, 100-ден астамы жарақат алған. Ал Мариупольде жағдай тіпті ауыр. Зымырандар соққысы мен атыс салдарынан шаһардың көптеген тұрғын үйлері қирап, инфрақұрылым бүлінген. Қазір халық ауыз су мен дәрі-дәрмекке мұқтаж. Украина президентінің айтуынша, ресейлік әскерилер қоршауға алынған қалаға гуманитарлық көмек жеткізуге мүмкіндік бермей отыр екен.

«Ресей зымырандары мен әуе бомбалары біздің елді таңнан кешке дейін атқылап жатыр. Бір ғана Львов аймағына 30 зымыран тасталды. Бітімгерлік және қауіпсіздік жөніндегі халықаралық орталықты бомбалау салдарынан 35 адам қаза тауып, 134-і жарақат алды. НАТО-дан біздің елдің аспанын жабуды тағы да қайталап сұраймын», - деді Украина президенті Владимир Зеленский.

Біріккен Ұлттар Ұйымының хабарлауынша, бүгінде қақтығыс салдарынан Украинадан бас сауғалаған босқындар саны 5 миллионға жеткен. Ал Ресей тарапы керісінше, украиналық жасақтар халқының шаһарды тастап шығуына кедергі келтіріп жатыр дейді. Ресейдің Қорғаныс министрлігінің өкілі өз сөзінде Украинада шамамен 3,5 мың нысанды талқандап, бірнеше елді мекенді бақылауға алғанын мәлімдеп отыр.

«Бір тәулікте 11 шақырым аумаққа жылжыдық. Бүгін түнде 180 жалдамалы әскердің көзі жойылды. Өйткені Украина тарапы шетелдік сарбаздарды дайындап, Ресей әскеріне қарсы жіберіп отырған. Сондай-ақ ол жерде шетелден әкелінген әскери-техникалық құрал-жабдық сақталған қойма бар», - деді РФ қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Игорь Конашенков.

Бұл ретте әлем елдері Ресейге қарсы шектеулер енгізуін жалғастыруда. Австрия билігі ресейлік 33 тұлғаға қатысты қатаң санкция жариялады. Сондай-ақ бүгіннен бастап Ресейде Іnstagram желісі бұғатталды. Жергілікті биліктің мұндай шешім қабылдауына әлеуметтік желі басшылығының ресейліктерге қарсы зорлық-зомбылық көріністеріне рұқсат беруі себеп болған. Ал бұған дейін 4 наурызда Facebook-парақшасы бұғатталған болатын.

Аяулым Көлжігіт, «Алматы» телеарнасы