Ол туралы осы елдің премьер-министрі Хассан Дияб айтты
Ливандағы жарылысқа алты жыл бойы 2 мың 750 тонна аммиак селитрасының дұрыс сақталмауы себеп болған. Ол туралы осы елдің премьер-министрі Хассан Дияб айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ол Бейрут портындағы апатқа кінәлі жауапты адамды таппағанша және оған ең ауыр жазаны бермегенше тынышталмайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ Дияб арнайы комиссия құрып, 48 сағат ішінде жарылыстың себебі мен кінәлілерді анықтауды тапсырды. Бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметтері бойынша, аммиак селитрасының жарылысы ұрылардың жолын кесу үшін тесік жерді жабу мақсатында балқыту жұмыстары жүріп жатқанда болған.
Бейрут портының ауданында болған жойқын жарылыс нәтижесінде ғимараттардың көбі қираған. Қайтыс болғандар саны әлі де анықталып жатыр, белгілісі, әзірге 4 мыңнан астам адам жарақат алған. Қирандылар астында қалып қойғандарды құтқарушылар әлі де шығарып жатыр.
Ауруханалар зардап шеккен адамдарға лық толы. Ливан билігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан медициналық көмек сұрап отыр. Қала губернаторы оқиғаның салдарын айтып, көзіне жас алды.
«Бұл Жапонияда Хиросима және Нагасакиде болған жарылыс секілді жойқын болды», – деді Бейрут губернаторы Марван Аббуд.
Тұрғындар кенеттен болған жарылыстан ес жия алмай есеңгіреп қалған. Құдды бір бомба түскендей болды дейді.
БЛИЦ:
– Менің көлігім анау жерде тұрған еді. Соққының қатты болғаны соншалық – көлігімді аударып жіберді. Оның шынылары мені жарақаттады.
– Жарылыстан мен құлағым иестімей қалғандай сезімде болдым. Ештеңе естімедім. Біз таксиде келе жатқанбыз. Көліктің шынысы шытынап, көшелерді түтін басып кетті. Үстімізге қирандылар құлай бастады.
Ливан билігі үш күндік жалпыұлттық аза тұту күнін жариялады. Аталған елдің Премьер-министрінің пайымдауынша, жарылыстың орын алуына аммиак селитрасының дұрыс сақталмауы себеп болған.
«Бұл – алапат апат. Біз үшін орны толмас ұлттық қайғы. Кінәлілер жазасын алады. Жарылғыш қауіпті заттардың дұрыс сақталмауы себеп болуы мүмкін деген болжамымыз бар», – деді Ливан премьер-министрі Хассан Дияб.
Жарылыстан Қазақстанның дипломатиялық миссия кеңсесі де қираған. Ол алдағы уақытта қалпына келтіріледі деп мәлімдеді еліміздің сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді. Дипломаттар мен олардың отбасы мүшелері зардап шеккен жоқ.
«Жарылыс туралы хабар түсе саласымен кейін біздің Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сыртқы істер министрлігіне Ливандағы қазақстандық азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырма берген болатын. Қазіргі таңда дипломаттарымыз азаматтармен хабарласуда.Ливанда консулдық есебінде уақытта 113 қазақстандық тіркелген. Дипломатиялық миссия қызметкерлері мен отбасы мүшелері аман-есен», – деді ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді.
Ливанда БҰҰ миссиясы бойынша қызмет етіп жатқан қазақстандық бітімгерлер де дін аман деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі. Бітімгершілік контингентінің құрамында 120 қазақстандық жауынгер бар. Қазір олардың ротация процесі жүріп жатыр және қызмет ететін орындарына аман-есен жеткен.
«Қазақстандық бітімгершілік контингенті елдің басқа шетінде орналасқан. Біздің әскери қызметшілерде барлығы жақсы және бөлімшенің оқиға салдарын жоюға қатысуға жоспарланбаған. Жеке құрам штаттық режимде жүктелген міндеттерін орындауда», – деді ҚР Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Әсет Аққузинов.
Әлемдік сарапшылар онсыз да экономикасы құлдыраған Ливан мемлекеті үшін бұл «жығылғанға жұдырық болды» деген пікір білдіруде. Өйткені елде теракт қаупі сейілмеген. Алайда жергілікті билік жарылысты әзірге диверсия ретінде қарастырып отырған жоқ.
Асылбек Тойбек, «Алматы» арнасы