Тізімде шекаралас жатқан Қырғызстан мен Өзбекстан да бар
АҚШ Қаржы министрлігі Ресей мен Беларуське санкцияланған тауарларды тасымалдауы мүмкін елдер қатарына Қазақстанды да қосты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сондай-ақ бұл тізімде шекаралас жатқан Қырғызстан мен Өзбекстан да бар.
«Бірден айтайық. Тізімге еніп жатқан жағдайлар жақсы үрдіс емес. Ресейге де, Беларусияға да санкция салынып жатқан кезде Қазақстанның да аты аталып қалған кездер болды. Ресей мен Беларусияға тауар тасымалдау мүмкін деген 17 ел анықталған. Соның ішінде Қазақстанның да аты аталады. Бұл тізімге кірді деген сөз әлі жағдайдың бәрі «күрделеніп кетті», «бітті», «біз де санкцияның елегіне ілініп қалдық» деген сөзді білдірмейді. Дейтұрғанмен, сақтық жасау керек. Яғни, алдағы уақытта белгілі дәрежеде Ресей мен Беларусияда санкция салынған тауарлар Қазақстан шекарасы арқылы өтетін болса, онда Қазақстан да санкция салынған осы ЕЭО үшінші ел болып кетуі мүмкін»,– деді экономист Мақсат Халық.
Мақсат Халықтың айтуынша, тізімге ілінгеннің өзі ескерту деп қабылдауға болады. Сондықтан, шешім жасаған кезде байыппен, жан-жақты саралау керек.
«Иран мемлекетін мысалға алуға болады. Эмбарго жариялағаннан кейін Иран өзіне қажетті тауарларды сырттан іздей бастады. Осы тұрғыдан БАӘ (Біріккен Араб Әмірлігі) көп жағдайда Иранға санкция салынған тауарларды жеткізуші өткел ретінде қазір танымал. Бірақ одан БАӘ ешқандай зиян көріп отырған жоқ, тек қана пайда көріп отыр деп айтуға негіз бар. Осы тұрғыдан келген кезде Қазақстан да сондай аймаққа айналуы мүмкін деген болжам бар. Қазақстан белгілі дәрежеде пайда табудың жаңа мүмкіндігін көруі мүмкін. Бірақ сақ болу керек. Өйткені жекелеген компаниялар Ресейге жетіспей жатқан технологияларды, чиптарды, компьютерлерді тасымалдауға ұмтылуы мүмкін. Реэкспорт жасап Қазақстан арқылы. Осы тұрғыда түсінікті. Қазақстан тарапы да ескертудің астында. Қазірдің өзінде тізімге ілінгеннің өзі ескерту деп қабылдауға болады. Алдағы уақытта санкция салынуы мүмкін деген болжам бар. Сондықтан бұл жерде шешім жасаған кезде байыппен, жан-жақты саралау керек деп есептеймін», – деді экономист Мақсат Халық.