Коронавирустың жаңа толқыны: Әлем елдеріндегі соңғы жағдай

Фото: assets.bwbx.io
Фото: assets.bwbx.io
Мұндай жағдайға Қазақстан да тап болуы мүмкін бе?
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде эпидемиологиялық жағдай енді тұрақталып жатқанда, әлемде коронавирустың жаңа толқыны басталып кетті. АҚШ, Үндістан, Оңтүстік Корея мен Германия, Испания және Франция елдерінде науқастар саны күрт өсіп, ауруды жұқтырудың ең жоғары көрсеткіші тіркеліп отыр. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, оған карантин шараларының жеңілдетілуі себеп. Дәл осындай жағдайға Қазақстан тап болуы мүмкін бе? Әлемдегі жағдайды талдаған әріптестерім бұл сұрақты беделді отандық сарапшыға жолдаған болатын. Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіт тарқатсын.

Қазір әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 27 милионнан асқан. Көрсеткішті  АҚШ, Үндістан және Бразилия бастап келеді. Үндістанда коронавирус жұқтырғандар саны 4 млн 200 мың адамға жетіп, үнділер бұған дейін екінші орында тұрған Бразилияны басып озған. Ал, Европада коронавирустың жаңа толқыны Испанияда орын алып, соңғы тәулікте 180 адам вирустан көз жұмды. Францияда қоғамдық орындарда бетперде тағу міндеттелсе, вирустың таралуын болдырмау үшін Лондонда көлік жолдары кішірейіп, жүргіншілер жолақтары, керісінше кеңейіп кеткен.    

Сондай-ақ, Оңтүстік Корея тамыз айында жаңа толқынның басталғанын мойындап, қатаң карантиндік шараларды 13 қыркүйекке дейін енгізді. Онда қоғамдық тамақтану орындарының уақыты шектеулі, сырт аймаққа шығуға рұқсат етілмейді.  

«Қазіргі мына Кореяда, барлық қалаларда карантин болып жатыр. Қоғамдық орындарда маскасыз жүруге рұқсат берілмейді. Жол-жөнекей кей жерлерде блок-бекеттер қойылған. Адамдардың дене қызуын тексереді, маскасыз жүрсең айыппұл салынады. Жалпы, ашық жерлерде еркін жүруге болады. Бірақ бір қаладан өзге қалаға өткенде адамның денсаулығын түгел тексереді», – деді Оразалы Туғанбаев (Оңтүстік Корея, Гуанчжоу).

Сонымен қатар, Германияда қоғамдық көлікте бетперде тақпағаны үшін салынатын 50 евролық айыппұл көпшіліктің наразылығын тудыруда. Ал, коронавирусты жұқтырудан 1-орынға шыққан Америка Құрама Штаттарында науқастар саны 6 миллион 460 мыңнан асып, соңғы тәулікте 193 мыңнан аса адам көз жұмған. Десе де АҚШ билігі карантин талаптарын күшейтіп, жағдайды бақылауда ұстап отыр, дейді жергілікті тұрғындар.    

«АҚШ-та коронавирус қайтадан басталды. Қалада барлық қоғамдық орындар жабылды. Мейрамханалар тек жеткізу қызметімен жұмыс істейді. Ойын-сауық орындары мен саябақтар да жабық. Негізінде коронавирустың алғашқы толқыны болғанда енгізілген шаралар жасалып жатыр. Тек қана, сыртқа шығып, еркін жүруге рұқсат бар. Қазір жағдай тұрақталып келеді. Науқастар саны да біршама азайып, Америка құрама штаты әдеттегі режимге оралуда», – деді АҚШ тұрғыны Артём Коренский.

Осы тұста, қазір әлемге танымал 150 фармацевтикалық компания қауіпті вирусқа қарсы препарат пен вакцина жасаумен айналысуда. Мәселен, Австрия мемлекеті 2021 жылдың қаңтар және ақпан айларында коронавирусқа қарсы вакцинаның 3 миллион 800 мың мөлшерін алмақ. Ал, Коста-Рикалық ғалымдар қыркүйектің ортасында 26 науқасқа жылқы малынан алынған антиденелер негізіндегі арзан препаратты тексеруді бастамақ. Десе де Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, вакцинация пандемияны келесі жылдың ортасына дейін тоқтата алмайды.

«Пандемия жағдайындағы соңғы жақсы жаңалық – өндірушілер қазірдің өзінде түрлі вакциналар жасап, қайсысы қолданысқа енетініне бәс тігуде. Олар COVID-19-ға қарсы препараттың қай түрі тиімді деп табылса, вакциналар өндірісін қалай ұлғайтуға болатынын да жоспарлауда. Бұл бір уақытта көптеген елдер арасында орын алып отыр. Сондықтан бүкіл әлемдегі ғалымдардың көптен күткен күнді жақындатуға деген үлкен ықыласы байқалады», – деді ДДСҰ ресми өкілі Маргарет Харрис.

Ал, Қазақстандық танымал иммунолог-дәрігер біздің елде де коронавирустың жаңа толқыны басталатын уақыт жақындағанын айтады. Бірақ бұл жолы үкімет тарапынан барлық жағдай жасалып, халық психологиялық тұрғыдан дайын дейді. Арнайы ауруханалар жасақталған, төсек орын мен дәрілер де жеткілікті.

«Қазір көптеген елдер қатаң шектеу шараларын енгізуде. Мысалы, Еуропа мен Түркия және Оңтүстік Корея мен Вьетнам, сондай-ақ коронавирусты жеңдік деп есептеген Жаңа Зенландия елдері. Көпті «жақын арада не болады?» деген сұрақ мазалауда. Алда күз келе жатыр, күн суытады. Адамдар жабық жерлер мен үйде отырады. Ал, жабық мекемелер  –  COVID-19-дың таралуына ыңғайлы орта. Сондықтан ғылыми тұрғыдан Қазақстанда коронавирустың жаңа толқыны қазан айында басталады деп күтілуде», – деді Қазақстанның профилактикалық медицина академиясының президенті, иммунолог Алмаз Шарман.

Сондай-ақ, Алмаз Шарманов панедмияға қарсы тұру үшін қоғамдық орындар мен отбасылық мерекелік іс-шараларға бармай, бетперде киіп, санитариялық талаптарды қатаң орындау қажеттігін ескереді. Иммунитетті нығайту үшін Д дәрумені бар жеміс-жидектер мен көкөністерді тамақ рационына қосқан абзал. Дәрігер, әсіресе, респираторлы тұмау өршитін уақытта өкпенің жұмысына пайдалы - балық, балдыркөк және құрамында антиоксиданты бар жүзім мен таңқурайды пайдалануға кеңес берді. Ал, елімізде 10 қыркүйектен басталатын тұмауға қарсы вакцинация адам ағзасын 20 пайызға COVID-19-дан қорғауға мүмкіндік бермек дейді ғалым.

Аяулым Көлжігіт, Арсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы

Новости партнеров