Жуырда Ресей елінде бұқаралық ақпарат құралдарының тенденцияларын талқылауға арналған медиа форум өтті. «Үлкен Еуразия - шексіз пікір алмасу алаңы!» деген ұранмен Новосибирскте өткен бұл шарада ТМД елдерінің 100-гетарта журналисі бас қосты. Түрлі пікірталастар айтылған жиын екі күнге созылған. Сессиялар арасында форум қатысушылары тәжірибелерімен бөлісіп, шеберлік сабақтарына қатысты. БАҚ өкілдері көптен бері талқыға салынып жүрген «болашақта дәстүрлі БАҚ тиімді ме, әлде электронды БАҚ па?» деген мәселе аясында пікір алмасты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Суық та ызғарлы Новосибирск медиа форумға келген Қазақстан, Әзірбайжан, Армения, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан секілді көрші республикалардың делегаттарын ыстық ықыласпен қабылдады. Елдер әртүрлі болғанымен, бәрінің түйіні шешілмеген түйткілді мәселелері бір. Ол - дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарының болашағы. Бүгінгі таңда блогерлер электронды БАҚ-пен көп жұмыс жасауына байланысты дәстүрлі БАҚ медиа-нарықтан ығыса бастауда. Тіпті, «журналистика» саласы да біртіндеп әлеуметтік желілерге ауысып жатыр. Форумды ұйымдастырушылар осы мәселеге байланысты нақты міндеттер қою қажеттігін алға тартты.
«Бұл форумның мақсаты – дәстүрлі журналистиканың не екенін және жалпы жаңа трендтер, олардың қалай жұмыс жасайтындығы туралы, болашақта бізді осы салада қандай мүмкіндіктер күтетіндігі туралы түсіну және айту», – деді Мәскеу қаласындағы солтүстік-оңтүстік саясаттану орталығының атқарушы директоры Анжелика ТРАПЕЗНИКОВА.
Тәжірибелік бөлім форумға қатысушыларға маңызды ақпарлар беруімен ерекшеленді. Сарапшылар жеке «Telegram» арнасын жүргізу тәжірибесімен бөліскен еді. Сонымен қатар, дәстүрлі БАҚ өкілдері өздерінің ақпараттық порталын құруды және тәуелсіз блоггер болу жолдарын да игерді.
«Ең қызығы, форум көбінесе практикалық бағытта өтуде және бұл маңызды, әрине. Әсіресе, практикалық әдістер мен білімдер беріліп, дәрістер, семинарлар, мастер-класстар өтуде - мұның бәрі өте маңызды, бірақ менің ойымша, ең құндысы - адамдар арасындағы қарым-қатынас және халықаралық тәжірибе алмасу», – деді Ереван қаласы «Әлеуметтік әділдік үшін» партиясы төрағасының орынбасары Цовинар КОСТАНЯН.
Алайда, форумға қатысушылар тәжірибемен бөлісіп қана қоймай, жемісті ынтымақтастықтың мүмкіндіктерін де қарастырды. Оның маңызды бөлігі - құнды ақпаратпен, тіпті контентпен алмасу жолдары да айтылған болатын.
«Қазақ телеарнасы әрдайым контент жасай алады, өйткені Қазақстандық журналистер әрқашан жергілікті ерекшеліктер мен дәстүрлерді жақсы біледі. Ал, басқа елден бір немесе бірнеше күнге келген өзге түсірілім тобы кейде тақырыпты тіпті ашпайды», – деді Қырғызстаннан келген журналист Жылдыз БЕКБАЕВА.
Жиынға келген әрбір елддің өкілдері бір-бірімен жақынырақ танысып, түрлі пікірталас жүргізіп, көптеген тақырыптар аясында таласқа да түсті. Ал, медиа форум - қызу пікірталастар үшін тамаша алаңекені белгілі.
«Журналистика саласы жыл сайын өзгеріп отырады, жаңа сын-қатерлер, жаңа медиа тенденциялар үнемі талқыға түседі. Біз мұнда маңызды мәселелерді, елдерімізде журналистиканың қалай дамып жатқанын және тәжірибе алмасуды талқылаудамыз», – деді нұр-сұлтандық журналист Светлана КУЗНЕЦОВА.
Форум соңында қатысушылар жиын барысындағы ерекше жылылықты атап өтті. Олардың айтуынша, форум қатысушыларды кәсіпқойлыққа ғана үйретіп қоймай, сонымен бірге журналисттерді шығармашылық саладағы достар мен әріптестер ретінде біріктірді.
«Бұл біздің әріптестеріміздің арасындағы байланыстарды нығайтуға көмектеседі, елдерді жақындастырады және интеграциялық үрдістерге ықпал етеді», – деді Баку қаласындағы интернет басылымының редакторы Кавказ ОМАРОВ.
Форум соңында әр қатысушыға сертификаттар табысталды. Делегаттар медиа форумда құнды ақпарат пен тәжірибелерді игеріп, елдеріне үлкен әсермен оралды.
Аяулым Көлжігіт, Денис Земцов, Владислав Шишко, РФ, Новосибирск қаласынан «Алматы» телеарнасы.