Гималайда жоғалған 8 альпинистің бесеуінің мәйіті табылды

Гималайда жоғалған 8 альпинистің бесеуінің мәйіті табылды
Альпинистер аса қиын шыңдардың бірі саналатын Нанда-Девиге көтерілуді 13 мамыр күні бастаған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Үндістан  аумағындағы Гималай тауларында  жоғалып кеткен сегіз альпинисті іздеуге қатысқан тікұшақ экипажы бес мәйіттің табылғанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат BBC-ге сілтеме жасап.

«Олар альпинистердің жүрген жолы бойынан табылды»,- деп мәлім етті Үндістан үкіметіндегі дереккөз. Осы аумақта бұдан бұрын бірнеше рет қар көшкіні жүрген.

Еске сала кетсек, Үндістанның ең биік шыңдарының бірі Нанда-Девиге көтеріліп келе жатқан сегіз альпинист хабар-ошарсыз кетті.

Олар - Ұлыбритания, АҚШ, Аустралия және Үндістан азаматтары. Жоғалғандарды іздеуге әскери авиация тартылды. Құтқарушылар альпинистердің аман қалуы екіталай екенін айтып отыр.

Үндістан альпинизм институтынан шыққан офицер, төрт британиялық, екі америкалық және бір аустралиялық бағындыру аса қиын шыңдардың бірі саналатын Нанда-Девиге көтерілуді 13 мамыр күні бастаған. Шыңның теңіз деңгейінен биіктігі - 7816 метр. Альпинистер алдымен бұрын ешкім шықпаған 6 477 метрлік шыңға көтерілмек болған. Жоспар бойынша, 31 мамыр күні альпинистер лагерьге оралуы тиіс еді. Олардан хабар болмаған соң, базадағылар дабыл қаққан.

Жергілікті билік өкілдерінің жорамалынша, 27 мамыр күні тауда қар көшкіні жүрген. Ал жоғалған альпинистерге сенбі күні іздеу салынды. Бірақ ауа райының нашарлауына байланысты, операция тоқтатылып, ертеңіне қайта басталған еді.    

Новости партнеров