Ғалымдар мұны медицина ғылымындағы маңызды жетістік деп бағалап отыр
Әлемде алғаш рет адамға генетикалық өзгеріске ұшыратылған шошқаның бауыры сәтті трансплантацияланды. Қытайда 71 жастағы ер адам жаңа ағзамен 171 күн өмір сүрген, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Ғалымдар мұны медицина ғылымындағы маңызды жетістік деп бағалап отыр. Хирургтер алғаш рет генетикалық тұрғыдан түрлендірілген шошқаның бауырын тірі адамға сәтті қондырды — бұл бауырдың көмекші ксенотрансплантациясы (жануардан адамға ағза ауыстыру) бойынша әлемдегі тұңғыш тіркелген жағдай.
Journal of Hepatology басылымының жазуынша, бұл тәжірибе шошқаның бауыры адам ағзасындағы негізгі функцияларды уақытша атқара алатынын дәлелдеген. Алғашқы айда науқасқа салынған шошқа бауыры қалыпты жұмыс істеп, өт пен қан ұю ақуыздарын өндіре алған. Алайда 38-күні науқаста иммундық асқынулар мен қан тамырларының зақымдануы байқалған.
Дер кезінде жүргізілген ем шаралары уақытша көмектескенімен, кейіннен қайталама ішкі қан кету басталып, науқас 171-күні қайтыс болған.
Дәрігерлер пациентке арнайы өсірілген Дианнань тұқымды мини-шошқаның бауырын салған. Адамның иммундық жүйесі ағзаны қабылдамай қоймас үшін және қан ұю процесі қауіпсіз болуы үшін шошқа бауырына он генетикалық өзгеріс енгізілген.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, жыл сайын мыңдаған адам бауыр трансплантациясын күтіп көз жұмады. Сарапшылардың пікірінше, мұндай тәжірибелер болашақта донорлық ағза тапшылығын азайтуға және өмірін сақтап қалуға мұқтаж жандарға жаңа мүмкіндік беруге жол ашады.
Оқи отырыңыз: АҚШ-та зауыттағы жарылыстан 16 адам қаза тапты