АҚШ-та аударылып қалған жүк көлігінен 250 млн ара ұшып шыққан

31.05.2025 14:17

Жүк көлігінде шамамен 32 тонна бал арасының ұясы болған

Видеодан кадр

АҚШ-тың Вашингтон штатында омарта тасымалдап келе жатқан жүк көлігі аударылып, 250 миллионға жуық жәндік ұшып шыққан, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

РБК жазуынша, бұл туралы Уотком округінің шерифі Facebook әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында хабарлады.

«Екі жүз елу миллион ара еркіндікке ұшып шықты <...> Аралардың ұя салуы мен таралу қаупіне байланысты бұл аумақта жүрмеуді сұраймыз», – делінген ресми мәлімдемеде.

Полицияның хабарлауынша, жүк көлігінде шамамен 32 тонна бал арасының ұясы болған. Жол-көлік оқиғасы 30 мамырда таңертең болған. Қазіргі уақытта апат болған жол бөлігі бір-екі тәулікке жабылып, араларды қайта ұяларына қайтару жұмысы жүргізіліп жатыр.

Оқиға орнына полициямен бірге Уотком округінің қоғамдық жұмыстар басқармасы мен ара шаруашылығы саласының мамандары да келген.

«Жоспар – аралардың қайта ұяға жиналуына және өз аналығын табуына мүмкіндік беру. Бұл келесі 24–48 сағат ішінде жүзеге асатын жұмыс. Мақсат – мүмкіндігінше көп араны аман алып қалу», – делінген хабарламада.

Оқи отырыңыз: Ұлыбританияда алты аяғы бар мысық дүниеге келді