АҚШ-та торнадо салдарынан 27 адам қаза тапты

18.05.2025 12:27

Көктемгі дауыл маусымы өңір үшін аса ауыр болып отыр

Аlmaty.tv

АҚШ-тың орталық бөлігінде алапат дауыл мен торнадо салдарынан кем дегенде 27 адам қаза тапты, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Бұл туралы The New York Times басылымы хабарлады.

"Америка Құрама Штаттарының орталық бөлігінде торнадо мен қатты дауылдан кемінде 27 адам қаза тапты. Тек Миссури және Кентукки штаттарында торнадо кем дегенде 25 адамның өмірін жалмады. Көктемгі дауыл маусымы өңір үшін аса ауыр болды", - делінген хабарламада.

Округ шерифінің кеңсесі хабарлағандай, Миссуридегі торнадодан кемінде 7 адам қаза тапқан, оның ішінде 5-уі Сент-Луисте және 2 адам штаттың оңтүстік-шығысындағы Скотт округінде тұрған. Кентуккиде кем дегенде 18 адам, оның ішінде Лорел округінде 17 және Пуласки округінде бір адам мерт болған.

Жергілікті биліктің хабарлауынша, Вирджиния штатында дауыл кезінде жел сындырған ағаштар көліктердің үстіне құлап, екі адам қаза тапқан.

Басылым мәліметінше, бірқатар штатта да ғимараттар қираған. Лорел округіндегі Лондон-Корбин әуежайында әуе ангарлары құлап, соның салдарынан ұшақ аударылып қалған, бір медициналық тікұшақ зақымданған. Алайда бұл оқиғадан ешкім зардап шеккен жоқ.

Оқи отырыңыз: Смартфонға тәуелділік: Жапонияда басы салбырап қалған жігітке күрделі ота жасалды