АҚШ-тың бірқатар штатында қалың қар жауды

Almaty.tv
Almaty.tv

Нәтижесінде жергілікті билік төтенше жағдай жариялады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Грузияда 6 күн қатарынан Еуроодаққа қосылуды қолдаушылар шеруі өтіп, халық наразылығы басылар емес. Тұрғындардың билікке қарсы көтерілісі тек ел астанасы Тбилисиде емес, Батуми, Кобулети, Озургети сияқты ірі қалаларда жалғасқан. Одан бөлек, жер шарының түрлі бөліктерінде халық тосыннан туған қауіпке тойтарыс бере алмай, табиғи апаттардан опат болып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қысқы маусым басталысымен Нью-Йорк штатының солтүстік бөлігін және Пенсильвания штатының солтүстік-батыс аймағын қалың қар мен боран басты. Нәтижесінде жергілікті билік төтенше жағдай жариялап, 73 сантиметрге дейінгі қар көлік қозғалысы мен күнделікті тіршілікке кедергі келтіріп отыр.

Ал Грекияда «Бора» дауылы күшейді. Артынша Родос туристік аралына дауыл соғып, 16 сағат бойы шелектеп жауған жаңбыр су тасқынына ұласқан. Соңғы ақпарат бойынша, екі адам қаза тауыпты, сондай-ақ елдімекендер эвакуацияланып жатыр.

Ал құрлықтың Оңтүстік Азиядағы бөлігін топан су басып, елді әбден әбігерге түсірді. «Фенгал» циклонынан туындаған табиғи апат Үндістан мен Шри-Ланкада 19 адамның өмірін қиған. Мұнда 139 мыңға жуық отбасы үздіксіз жауын-шашыннан зардап шегіп, үйлерінен айырылса, енді бірі шұғыл эвакуацияға мұқтаж.

«Бұл ауа райы» алыстаған сайын оның аралға әсері азая бермек. Алайда, аудандар, дәлірек айтсақ солтүстік және солтүстік-шығыс аудандарда 75 миллиметрге дейін қатты жаңбыр жаууы жалғаса береді, біз оған дайын болуымыз керек», – деді метеоролог Малит Фернандо.

Гвинеяның оңтүстік-шығысындағы Нзерекоре қаласында кемі 56 адам қаза тапты. Олардың өмірін жалмаған – бұл жолы табиғи апат емес, футбол матчы кезіндегі жанкүйерлердің арасындағы жанжал. Мұндағы жаппай тәртіпсіздікке футбол ойыны барысындағы төрешінің шешімі себеп болған. Ал, қарсылық білдірген жанкүйерлер алаңға шыққан соң, жағдай ушығып кеткен.

Бұған дейін айтқанымыздай, Грузияда халық наразылығы басылар емес. Шерулер үдеп, елдегі қоғамдық ахуал күн санап шиеленісіп келеді. Тбилисидегі наразылық кезінде кейбір адамдар тіпті пиротехниканы тәртіп сақшыларына атып, қызметкерлерге айтарлықтай зақым келтірген.

Грузияның Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, өткен жұмадан бері медициналық мекемелерге 147 адам жеткізіліпті. Сондай-ақ, әкімшілік құқық бұзушылықтар, ұсақ бұзақылық, полицияға бағынбау және қарсылық көрсету фактілері бойынша 224 адам ұсталған. Ал, бүгінгі шерулер кезінде ұсталғандар мен жарақат алғандардың нақты саны белгісіз.

Әйкерім Пернебек, Ернар Елдосұлы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Шетелден көлік әкелуге шектеу қойылды ма

 

Новости партнеров