Жұмысшылардың ешқайсы кешеден бері үйінді астынан шығарылған жоқ
АуғаныстанныңСаманган провинциясына қарасты Дара-и-Суф округіндегі Хак-и-Сафид ауданында сенбі күні кешке көмір шахтасы опырылып, 35 жұмысшы үйінді астында қалды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Аmu.tv хабарлауынша, Талибанның жергілікті өкілдері апатқа ұшыраған жұмысшыларды шығару бойынша құтқару жұмыстары жалғасып жатқанын мәлімдеген.
"Бірақ әлі ешқайсы үйінді астынан шығарылған жоқ", - делінген хабарламада.
Талибан басқаратын Bakhtar ақпарат агенттігінің хабарлауынша, оқиға сенбі, яғни 14 желтоқсан күні кешкі сағат 18.00 шамасында болған.
Оқиға орнына медициналық бригадалар мен жедел жәрдем көліктері жіберілді.
Айта кетсек, апта басында Бамиан провинциясындағы Ходжа Ганж ауылында да екі жұмысшы көмір шахтасындағы газдан уланып қайтыс болған.
Ауғанстанның тау-кен секторында қауіпсіздік шараларын сақтамау салдарынан өлімге әкелетін апаттар жиі тіркеледі.
Оқи отырыңыз: Грузияда мейрамхананың 12 қызметкері өлі табылды