Ауғанстанда су тасқыны болып, 77 адам қаза тапты

05.04.2026 11:38

Билік өкілдері құрбандар саны әлі де артуы мүмкін екенін жоққа шығармайды

Көрнекі фото: Аlmaty.tv

Ауғанстанда соңғы күндері жауған нөсер жаңбыр ірі су тасқындары мен көшкіндерге ұласып, ондаған адамның өмірін қиды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Associated Press агенттігінің жазуынша, табиғи апат салдарынан 77 адам қаза тауып, 137 адам жарақат алған.

Қолайсыз ауа райы наурыз айының соңы мен сәуірдің басында бірнеше провинцияны қамтып, елдегі онсыз да күрделі гуманитарлық жағдайды ушықтырып жіберген. Билік өкілдері құрбандар саны әлі де артуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Төтенше жағдайлар қызметінің дерегінше, жүздеген үй қирап, мыңдағаны зақымданған. Сонымен қатар жолдар бүлініп, ауыл шаруашылығы мен инфрақұрылымға елеулі зиян келген. Мыңдаған отбасы қиын жағдайға тап болды.

Синоптиктер алдағы күндері жауын-шашын жалғасатынын болжап отыр. Осыған байланысты тұрғындарға өзен жағалауларынан алыс болу және қауіпсіздік шараларын сақтау ескертілді.

Оқи отырыңыз: Су тасқынының алдын алу: Ақмола облысында тәулік бойы бақылау жүргізіліп жатыр